ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Билік
Құқық
Экономика
Басты бет Қоғам Туризм Қазалы ауданындағы тарихи мәдени ескерткіштер

Қазалы ауданындағы тарихи мәдени ескерткіштер

Қазалы ауданындағы тарихи мәдени ескерткіштер


Жанкент қалашығы   

Жанкент қорғаны Қазалы жерiндегi республикалық санаттағы археологиялық ескерткiштердiң бiрi. IХ-Х ғасырларда оғыздардың Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Түркiстан (Яссы) тағы басқа қалалардың арасында аталатын Жанкент шаһарының орны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр. Бiздiң дәуiрiмiздiң ҮII ғасырынан бастап қазақ жерiн араб ғалымдары мен саяхатшылары зерттеп, қағазға түсiрген. Солардың бiрi Ибн Хаухаль, кейiнiрек орыс ғалымы В. Бартольд Тараз, Сауран, Испиджаб, Баскент қалаларымен қатар Сырдарияның сол жағалауында, дарияның Арал теңiзiне құяр сағасына жақын, қазiргi Қазалы қаласынан он бес шақырым жердегi қираған қаланың қалдығын Жанкент шахарының орны деп есептейдi. Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгi Селжүк (түрiк) мемлекетiнiң көсемi Селжүк 935 жылы өзiнiң дүниежүзiнеәйгiлi жорығын солкездегi оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгiлi тюрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жакенттi мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түркмен тайпалары өлтiредi. Сөйтiп,Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман бойы билеген кiсiнiң бiрi елге үгiт насихат айтушы, өзi жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбiлғазының түркiмен шежiресiнде оғыз елi әр уақыт Жанкент қаласына жиналып, қайы халқынан инал Яуидi қан көтерiп, оған Қорқыт атаны уәзiр еткенi айтылады. Жанкент жайлы ең бiрiншi жазбаша естелiктер IХ-Х ғасырлардың үлесiне тйедi, ал ХҮ ғасырда қала туралы деректер жоғалады. Тек арада үш жүз жыл өткен соң, ХҮIII ғасырда ғана Жанкенттiң аты қайта жаңғырады. Алайда,бұл, қираған Жанкент жайлы жазбалар. Жанкент қаласы жөнiнде орыс саяхатшысы П. И. Лерх өзiнiң 1867 жылы жасаған археологиялық экспедициясынан соң құнды мәлiметтер қалдырған. Қираған қаланың орнын қазу үстiнде араб әрiптерiмен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күмiс және мыс теңгелерi, адамның бас сүйектерi табылған. Аңыз бойынша Жанкенттi билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура әулиенiң қаһарына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бiрге опат болады. Сақталған жазба деректерге сүйенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы түгелдей өртеп жiбередi. Отқа оранған қаланың үстiмен қаһарлы Жошы хан шауып өтедi. Кескiлескен шайқастан есеңгiрген халық ондаған жылдар өткен соң есiн жиып, өмiрлiк кәсiптерi сауда мен қолөнер кәсiпшiлiгiне қайта кiрiседi. Қала ХIҮ ғасырда бұрынғы қалпына келедi. Ендi, Жаңа Жанкент араб-мұсылман мәдениетiнiң орталығы саналады. Осылайша “мың өлiп, мың тiрiлген” Жанкент тағы бiр ғасыр өткен соң мәңгiлiкке жойылады. Яғни, ХҮ ғасырдан берi қаланың көне тарихтың куәсiндей томпиып орны ғана жатыр. Аумағы төрт шаршы шақырым жердi алатын қасиеттi де қасiреттi қаланың сыры мен мұңы қойнында. Ол жайлы тарих пен шежiре ғана сыр шертедi. Қаланың күншығыс қапталынан қоршап жатқан қалыңдығы екi метрден асатын ескi қорған сол заманның ескерткiшiндей ата-бабаларымыздың өткен өмiрiн көз алдымызға елестетедi. Жанкент қаласының орны Қазалы ауданының қазiргi “Өркендеу” ауылының орталығында бабалардың көзiндей, тарихтың өзiндей болып жерге шөгiп жатыр. Қаланың жойылуына не себепшi? Бұл жайлы тарихи деректер былайша түсiндiрiледi. Жанкент-Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жiбек жолының бойындағы қала болатын. Сол ғасырларда ашыла бастаған жағырапиялық жаңалықтар құрлық пен теңiз арасындағы сауда жолдарына үлкен өзгерiстер енгiзген. Осыған байланысты құрлық арқылы өтетiн дүниежүзiлiк маңызы бар керуен жолдары қысқара бастайды. Жанкент арқылы Сырдарияны кесiп өтетiн үлкен жолдың да ғұмыры аяқталады. Сырдария мен Жаңадария, Қуандария бойындағы Жент, Жанкент, Күйiк-кескен, Күйiк қаланы мекендеген халық осындай себептен және моңғол, жоңғар, қалмақ шапқыншылығының кесiрiнен күйзелiске түскендiктен ата-мекендi амалсыз тастап, бiрте-бiрте осы күнгi Өзбек жерiне – Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм маңына қоныс аударады. Мiнеки, Орта Азия мен қазақ халқының, бүкiл түркi тiлдес халықтардың шежiресiнде айрықша орын алатын Жанкент қаласының қысқаша тарихы осындай.




Сараман – Қоса мұнарасы  

Сараман-Қоса мұнарасы Кәукей аулынан солтүстік шығысқа 2 шақырым жерде орналасқан республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш. Казпроектреставрация институты 1986 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған. Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болыпты. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдария өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір күні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тастап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады… Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде көреді. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені тұрақтарын білсе, әскер әкелер де екі жақ соғысар, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе өздері шығынға ұшырар. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз болайық. Мен алдын бөгейін, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын» – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер» дейді. Бірақ Сараман көнбейді. Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен қуғыншылардың күші басым болды. Жеті адам жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседі. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүреді. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол» дейді. Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады. (Ә. Оспанов."Жанқожа батыр" ) Шежіреші Ө.Ахметовтың айтуы бойынша бұл ескерткіш Қытай жағынан қашып шыққан ғашықтар Сараман мен Қосаққа қойылған.






Жанқожа батыр кесенесі.   

Жанқожа батыр кешені Қазалы ауданында орналасқан архитектуралық ескерткіштердің бірі. Жанқожа батырды есте қалдыру мақсатында 1992 жылы ескерткіш-кесене орнатылды Есепке алу үшін аудандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, насихаттау және қалпына келтіруді ұйымдастыру комиссиясы 2003 жылы бастауыш құжаттарын дайындады. Кесене құрылысын салуға жүздеген шебер құрылысшылар қатысты. Мыңдаған адамдар сенбілікке шығып, көмекке келді. Қаржылай үлес қосты. Халық пір тұтқан әулие бабамыздың ескерткішін тұрғызуға қатысқандардың есімі кесене шежіресі жайлы кітапқа жазылды. (Кітап Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі қорында сақтаулы.) Қызылқұм жерінде жатқан бейітінен топырақ әкеліп қойылып, республикалық дәрежеде батыр рухына ас берілді.. Сыр, Арал бойы қазақтарының қорғаны болған, өз халқын Хиуа мен Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығынан, Ресейдің «тағы халықтарды тірілей іреу» саясатынан қасық қаны қалғанша қорғаған Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы туып, 1860 жылы жау қолынан қаза тапты.




Ғанибай үйі (керуен сарайы)   

Қазалы қаласында орналасқан республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі- Ғанибай үйі (керуен сарайы). Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1980 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. 1853 жылы ірге тасы қаланған №1 форт, 1867 жылы Түркістан генерал губернаторлығына қарасты Сырдария облысының Қазалы қаласы болып атауы өзгеріп, уезд орталығы болды. Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аймағы бағындырылды. Шығыс Азия мен Орта Азиядан келетін сауда керуендері Қазалы қаласы арқылы Европаға өткен осындай саудаға ыңғайлы жерде орналасқан Қазалы қаласына татарлар, сарттар, өзбектер, орал қазақтары келе бастады. Казаннан келген көпес Ғанибай Хусаинов керуен сарайын салдырады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Ғанибай шетелдермен де сауда жасаған. Ғанибайдың үйіне (керуен сарайы) 1937 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылығы техникумы орналастырылды. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеді. 1971 жылы Сырдария ауданына көшірілді.




Ғанибай мешіті. (Қалалық кітапхана)   

Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі. Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1980 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Бұл мешіттің құрылысын Қазаннан келген көпес Ғанибай өз қаржысымен 1887 жылы бастады. Кейін құрылыс тоқтап қалып, халықтың күшімен 1894 жылы ашылды. 1930 жылға дейін мешіт болып жұмыс істеді. 1949 жылы Қазалы қалалық кітапхана осында көшіріліп, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 2000-2001 жылы кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
















Қожаназар ишан мешіті.   

Әйтеке би кентінде орналасқан архитектуралық ескерткіштердің бірі. Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1980 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Аллаға құлшылық етіп, ел арасында Құран кәрімді, Мұхаммед ғ.с.с. пайғамбардың хадистерін насихаттау, халыққа түсіндіру жолында Қожаназар ишанның еңбегі зор. Қожаназар ишан Артықбайұлы Әлім тайпасының Ұланақ руынан тарайды. °лімнің әкесі Қадырқожа халыққа тараған аты – Қаракесек. Қожаназар ишан 1854 жылы Қазалы уезінің Арықбалық ауылында дүниеге келіп, сол жерде 1917 жылы 63 жасында қайтыс болған. Ауыл медресесінен сауат ашқан Қожаназарды, 16 жасында әкесі бір топ балалармен Бұхараға оқуға жібереді. Бұхардағы Пәкілташ медресесін Тілеулес және Әзілхан ишандармен бірге оқуға барады. Медреседе 7 жыл оқып, аяқтап шығады. Қожаназар ишан Меккеге қажылыққа үш рет барған. Бірінші сапарға 1874 жылы барып, 4 жылдан кейін оралған. Екінші рет 1910 жылы, үшінші рет 1916 жылы барған. Ишанның керемет әулиелігі жөнінде ел аузында көптеген аңыздар бар. Қожаназар ишан Қазалы уезінде бірнеше мешіт салдырды. Әйтеке би кентіндегі мешітін інісі Бекназарға арнап, 1898-1902 жылдары салдырды. 1902-1924 жылдары осы мешітке имам болды. Мешітті өз қаражатына салдырады. Сонымен бірге Кенжебай сияқты қалталы азамат көмек көрсеткен көрінеді. Мешіт 1937 жылға дейін жұмыс істеді. 1937-1947 жылдары астық жинайтын қойма болған. 1947 жылы Азамат соғысының ардагері Сақтағанов Ырсалы Сталинге хат жазып, мешіттің үкіметке де, халыққа да зияны жоқ, тек халықты имандылыққа тәрбиелейді деп дәлелдеген. Міне, содан бері шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді.








Ақтан батыр кесенесі   

Ақтан батыр кесенесі Ақтан батыр аулында орналасқан архитектуралық ескерткіш. Есепке алу үшін аудандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, насихаттау және қалпына келтіруді ұйымдастыру комиссиясы 2003 жылы бастауыш құжаттарын дайындады Халқымыздың тәуелсіздігі жолында елін жаудан қорғаған жолбарыс жүрек батырлардың бірі – Ақтан Ақайұлы. Ақтан батыр 1770 жылы Қазалы ауданының Арықбалық аулына қарасты «Тілес арық» бойындағы «Түлкі қашқан» деген жерде туып, 1854 жылы жасында қайтыс болған. Бейіті Ақтөбе облысындағы Берсүгір бекетінен батысқа қарай 30-35 шақырым шамасында Мұғаджар тауының баурайында «Тебенсай» алқабында. Бұл жерді жергілікті халық «Ақтан жайлауы» деп атайды. Ақтанның інісі Шортайдың да зираты сол маңда. Осы өңірде «Ақтан сайы», «Ақтанның аң жолы», «Ақтанның қыстауы, құдығы» дейтін жерлерде бар. Біз бұдан Ақтан батырға деген халықтың қадір-құрметі мен сүйіспеншілігін ағарамыз. Жергілікті халықтың бабамызды әулие санап, пір тұтып, әруағына сиынуы да сондықтан болса керек. Ұланақтан (қаракесектен) оның Жақау аталығынан шыққан батыр Ақтан Ақайұлы өз заманында Жанқожа батырдың досы, үзеңгілес жолдасы, қарулас серігі болған. Ақтан Жанқожадан бұрын туып, дүниеден алты жыл бұрын өткен. Жанқожа жарыққа шығарда әрдайым Ақтанмен ақылдасып отырған. Халқын қорғау үшін бірі Сырда қалса, екіншісі Қырда жүрген. Бұған Ақтан батырдың Тесқала бекінісін, яғни Бабажанның қамалын алуы айқын дәлел. Ақтан батырды есте қалдыру мақсатында 1997 жылы Ақтан бабаға ас беріліп, бұрынғы Партсъезд кеншарына Ақтан баба есімі беріліп, сапалы кірпіштен халықтың күшімен ауылда ескерткіш кесене салынды.



Теміржолшылар клубы (Оқушылар үйі)   

Теміржолшылар клубы бұрын әскери шіркеу үйі болған. Теміржолшылар клубы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштің бірі. Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1980 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Шіркеу үйінің құрылысы 1872 жылы басталып , 1874 жылы пайдалануға берілді. Үйдің қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған. Төбесі қаңылтырмен жабылып, ортасына күмбез төбесіне крес қойылған. Дінге сенім жоқ Кеңес кезеңінде (1924 ж.) халықтың қатысуымен крес алынып тасталды. Бұдан кейін бұл теміржолшылар клубы болып 1992 жылға дейін жұмыс істеді. 1992-2015 жылдары бастап Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйі. Қазіргі таңда Оқушылар үйі




Теміржол вокзалы   

Қазалы стансасындағы теміржол вокзалы – ХХ ғасырдың басында салынған архитектуралық ескерткіш. Казпроектреставрация институты 1980 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Орынбор-Ташкент теміржол құрылысымен қатар бой көтерген вокзалдың іргесі (фундаменті) Ақирек тауынан қашалып, нөмірленіп дайындалған түйе керуенімен тасылған тастардан қаланған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштерден қаланып, төбесі қаңылтырмен жабылған. Вокзал үйіне 2003 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.




Әйтеке би ескерткіші   

Әйтеке би ескерткіші Әйтеке би кентінде орналасқан монументті ескерткіштердің бірі. 2000 жылы теміржол вокзалы алдындағы кіші парк ішіне қойылды. Авторлары: Суретші Қ.Закіров, сәулетші Т.Бұхарбай. Есепке алу үшін аудандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, насихаттау және қалпына келтіруді ұйымдастыру комиссиясы 2003 жылы бастауыш құжаттарын дайындады. Әйтеке Жалаңтөстің бауыры Ақшаның баласы Бәйбектен туады. Әйтеке ел басқарған көсемдігімен . айыр тілді шешендігімен қазақ халқының тарихында ерекше орын алар тұлға. Ол Төле би мен қаз дауысты Қазыбекпен бірге Тәуке ханның кеңесшісі болып, Жеті жарғыны жасауға қатысады. Әйтеке ел бірлігін сақтау үшін бар өмірін сарп еткен қазақ халқының бір туар ұлдарының бірі.




Мүсірәлі кесенесі   

Мүсiрәлi әулиеге кесене салдыру жұмысы 1998-жылы басталып 2000 жылы аяқталды. Бұл кесене Алтай бекетiнде орналасқан, архитектуралық ескерткiш. Сопы Әзi Мүсiрәлiнiң ескерткiш-кесенесiн салу жөнiнде 1997-жылдың тамыз айында халықтан ұсыныс жасалды. Ол 1998-жылдың мамыр айына дейiн халық арасында талқыланды. Сөйтiп, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қолдаған, Тәуке хан мойындаған үш жүзге пiр болған Мүсiрәлi бабамызға ескерткiш-кесене салу жөнiндегi ұсыныс бiр жылдан кейiн мақұлданды. 1998-жылғы 20-мамырда аудан әкiмiнiң № 62 өкiмi шығарылып, онда қор құру, жер бөлу мәселесi шешiлдi. Игiлiктi iстiң алғашқы ұйымдастырушысы, Мүсiрәлi атындағы қордың төрағасы Өтешқожа Қосымұлы болды. Одан әрi бұл iстi iнiсi Нағыметәли Қадiрқұлов жалғастырды. Қаржы жинауға тұрғындар жаппай жұмылдырылды. Соның нәтижесiнде 1998-2000 – жылдар аралығында қорға 1 миллион 200 мың теңге жиналды. Қаржылай демеушiлiк жасауға Жалағаш, Арал ауданының азаматтары және облысымыздан тыс жерде жүрген жерлестерiмiз де жанашырлық жасады. Сонымен бiрге қорға аудандық бiлiм бөлiмi 435 мың, тепловоз жөндеу зауыты 158 мың, темiр бетон бұйымдары зауыты 30 мың, К. Мұсаевтың жеке базары 25 мың, № 244 – жолмашина стансасы 15 мың, кәсiптiк-техникалық училище, темiр жолды электр қуатымен жабдықтау мекемесi 10 мың теңгеден астам қаржы аударды. Ескеткiш-кесененiң қабырғасын қалауға қажеттi сапалы кiрпiш Қарақалпақстаннан және аудандық кiрпiш зауытынан алынды. “Жер-су” акционерлiк қоғамы, № 60 жол дистанциясы, аудандық су пайдалану басқармасы, “Нұр” жеке кәсiпорны, жол жөндеу мекемесi, № 8 кәсiптiк-техникалық мектеп және басқа да көптеген еңбек ұжымдары материалдардан, техника және адам күшiненкөмек көрсеттi. Кесене қабырғасын қалауда Қарақалпақстаннан келген бабаның ұрпағы Пiрәлi Қалмамбетов бастаған алты маман, күмбезiн тұрғызуда Жүсiпбай Дайрабаев сапалы iсiмен, шеберлiгiмен көзге түстi. Бүкiлхалықтың қолдауымен салынған Мүсiрәлi бабаның ескерткiш-кесенесiнiң құрылысына 5 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Қазақ даласына ислам дiнiнiң кең тарауына, елдiң бiрлiгiнiң сақталып, салауатты ұрпақтың қалыптасуына көреген әулие Сопы Әзiз атанған Мүсiрәлi қожа бар ғұмырын арнады. Ол Әз Тәуке ханға дiн басы, бiрден-бiр көмекшi, кеңесшi болып сайланды. Тәуке хан Мүсiрәлi Жәдiкұлын өзiнiң арнайы жарлығымен Бас Әзiрет етiп тағайындағанда кейбiр деректерде Мүсiрәлә әулие 17 жаста екен. Мүсiрәлi қожа Сопы Әзiз (құрметтi Сопы) дiн саласын өркендетумен бiрге ел iшiндегi дауларды шариғат жолымен әдiл шешiп отырған. Сөйтiп халық бiрлiгiн сақтауға көп еңбек сiңiрген. Кеңесшiлiк қызметiн адалдықпен атқара бiлген. Барша қазақтың пiрi атанған хазiретi болған.




Орақ мұнарасы   

Орақ батырдың ескерткіш-мұнарасы ХІІІ - ХІҮ ғ.ғ. салынған. Қожабақы аулынан 6 шақырым жерде орналасқан архитектуралық ескерткіш. Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1984 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Орақ - батыр болған адам. Ол кісі далада намаз оқып отырған кезде жау келіп қалса да намазын бұзбаған. Жау намаз оқып отырған Орақтың басын шауып жібереді. Жау кеткен соң басты денесімен бірге көмеді. Орақ батыр бірнеше жерде мешіт салдырған Қожаназар ишанның атасы. Орақ батырдан: Артықбай, Арланбай, Отбай. Артықбайдан – Қожаназар, Ақназар, Бекназар туады.




Нұралы (Мүрәлім) мешіті   

Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Нұралы (Мүрәлім) мешіті. Есепке алу үшін Казпроектреставрация институты 1984 жылы ееепке алып, құжаттарын дайындаған. Бұл мешітті 1915 жылы сарт (тәжік) саудагері Мүрәлім Меркемалов қыш керпіштен салдырды. 1937 жылға дейін мешіт болып жұмыс істеді. Кейін спорт мектебі, емхана, дәріхана болды. 1990 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1991 жылы қайта мешіт болып ашылды

Кіру