ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Билік
Құқық
Экономика

Әкімнің сөйлеген сөздері

Аудан әкімі М.Ергешбаевтың

                                                                                                Жаңа жыл мерекесінде

 сөйлейтін сөзінің жобасы

2017 жылғы 31 желтоқсан, сағ: 22.00

Әйтеке би кенті, Орталық алаң

 

Ардақты ағайын!

Қадірлі қазалылықтар!

Таңбалы тарих парағында айшықты оқиғаларымен өзіндік із қалдырған Тауық жылымен қоштасып, арман мен үмітке толы Жаңа Ит жылын қарсы алғалы тұрмыз.

Өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасайтын осы уақыт тілектерді тоғыстыратын сәт.

Сондықтан баршаңызды төрімізге шыққалы тұрған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Биылғы жыл – жұлдызымыз жарқырай жанған тарихи жыл болды. Мемлекетіміздің мерейі өсіп, абыройы артты.

Еліміз өсіп-өркендеудің инновациялық-индустриялық дәуіріне қадам басты.

Елбасының дәстүрлі халыққа Жолдауынан бастау алған жақсылықтарды өз өмірімізден айқын сезіндік.

Барлық әлеуметтік топтарға жасалған мемлекеттік қамқорлық жарқын өмірдің айқын көрінісін орнықтырды. Қоғамдағы саяси тұрақтылық және халықтардың шынайы достығы біздің барлық табыстарымыздың кепілі болды.

Рухани-мәдени өмірімізде игі істер өз нәтижесін берді.

Ауданда құрылыс та қарқынды дамуда. Биыл 5 мектеп,                 1 ауылдық клуб пайдалануға берілгенін білесіздер. Бұдан бөлек, Жанқожа батыр ауылынан   1 спорт кешені, 5 квартал аймағынан 1 мектеп салынуда.

Жақында заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 150 орындық аурухана іске қосылатын болады.

Келер жылы Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен 18 пәтерлік 6 көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталады.

Біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз 2018 жылы да жаңа қадамдармен жалғасын табатын болады.

 Қазір ауданда 5 жаңа қоныстану аймағы игерілуде. Оның үшеуі осы Әйтеке би кентінде. Алдағы жылдары инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерлерді Өздеріңізге табыстап, қала мен кенттің арасын қосу арқылы үлкен орталық ашатын боламыз.

Жаңа жылдан күтеріміз мол. Барша аудан жұртшылығы осы жылда да зор еңбек тартуларымен үлес қосатынына сенімдімін.  

«Отан – қуат, отбасы – шуақ» дейді бабаларымыз.

 Осы бір шуақ шашқан отбасылық мереке баршаңызға бақыт, табыс, шаттық әкелсін!

Жаңа жыл ырыс пен ынтымақ жылы болсын!

Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты жерлестер!




Аудан әкімі М.Н.Ергешбаевтың

«Бизнес орталықтың» ашылуында

сөйлейтін сөзінің жобасы

«30» желтоқсан 2017 жыл

 

 

Құрметті ағайын!

Алдымен баршаңызды Жаңа 2018 жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыст­ырар болсақ, оның ішінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді мемлекеттік  саясат алдыңғы орынға қойып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында да бизнесті қолдау қажеттігін баса айтып, нақты тапсырма беріп келеді.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде бизнестің қарқынды дамуына кеңінен жол ашуда. Оның бір дәлелі қазір ауданымыздың өзінде 4 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік субъектілері болса, оларда 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ал жыл басынан бері жаңадан тағы 600 кәсіпкер тіркеліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артты.

Бүгін де жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Энергомера» ЖШС-нің «Бизнес орталығының» ашылу сәтінің куәсі болып тұрмыз.

Халыққа сапалы қызмет көрсету мақсат етіп отырған жас кәсіпкер Әділет Бекетайұлы жаңа ғимаратты ашу арқылы  7 адамды тұрақты жұмыспен қамтығалы отыр. Орталықтың бірінші қабатында сауда орындары, ал екінші қабатында кеңселер орналасқан.

 



Қадірлі қауым!


Бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында кәсіппен айналысу ең маңызды мәселелердің бірі екені белгілі.

Бұл ретте осындай зәулім ғимарат құрылысын жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ісі ерлікпен пара-пар.

Жаңа нысан халық ықыласына бөленетін, ауданның дамуына үлес қосатын орынға айналсын дей отырып, жұмыстарыңызға абырой мен табыс тілеймін.

Мереке құтты болсын!        

 



 

 Қазалы ауданының әкімі М.Н.Ергешбаевтың

                                                       БАҚ өкілдеріне арналған брифингтегі сөзі

     Қызылорда қаласы, 05.12.2017

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Қазалы ауданында болып жатқан әрбір жаңалық пен жаңаруға Өздеріңіз куәсіздер. Барлық жұмыстарымыз Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуда.

Бүгін ағымдағы жылдың 10 айын қорытындылай келе, Қазалы ауданы экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назарларыңызды аударғым келеді.

 

ЭКОНОМИКА

2017 жылғы аудан бюджетінің кірістері 13,4 млрд. теңге болып бекітілді. Оның ішінде, өз кірістеріміз (бюджетке салықтар және басқа да міндетті төлемдердің жылдық түсімі) 2,1 млрд. теңге. Жылдық жоспарымыз 100 пайызға орындауды жоспарлап отырмыз.

Ал бюджеттің шығыс бөлігі 13,5 млрд. теңгеге нақтыланды. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына 10,9 млрд. теңгеге жоспарланып, 97,4  пайызға игерілді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша қаржыларды 99,2 пайызға игеру  жоспарланып отыр.

КӘСІПКЕРЛІК

Аудан бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Бүгінгі күнге дейін 4075 шағын кәсіпкерлік субъектілері есепке алынып, онда 8852 адам жұмыспен қамтылды. Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді халықтың 24 пайызын құрайды.

/Белсенді экономикалық халық – 36 308 адам/

Аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 1,5 млрд. теңгеден астам несие беріліп, қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 484 кәсіпкер тіркеліп, онда 623 адам жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға немесе 129 кәсіпкерге артық. Оның ішінде ауылдық округтердің үлесі - 16 пайыз.

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығында (2010-2014жж.) аймақтық үйлестіру кеңесіне 4,2 млрд. теңге құрайтын 22 жоба ұсынылған болатын. 17 жоба толық іске қосылып, оларда 212 жаңа жұмыс орны ашылды:

Алдағы уақытта аталған бағдарламаның екінші бесжылдығы (2015-2019жж.) аясында өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына ауданда іске асырылатын бірнеше инвестициялық жобаны енгізу жоспарланып отыр:

1. «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының II-ші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңге.

 2. «Сыр Маржаны» ЖШС-нің құны 1,2 млрд. теңге құрайтын «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі бастаған делегацияның Иран Ислам Республикасына іссапары барысында инвесторлармен меморандумға қол қойылып,  жобаны жүзеге асыру пысықталуда.

Сонымен қатар, кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша биыл құны 315 млн.теңге құрайтын 12 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылды.

Қазалы ауданы бойынша «Өндірістік аймақта» 388 млн.теңгені құрайтын жаңа 9 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 4 жоба іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын делдалсыз өткізу мақсатында «Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС «Қалааралық автовокзал құрылысы» жобасын іске асыруда.  Бүгінгі күнге 90 пайызы дайын. Жоба инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, келер жылы пайдалануға беріледі.

Аудан аумағынан 96 шақырымы  өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын салуға 5 учаске белгіленген. Қазіргі таңда бір нысан пайдалануға берілсе, екі нысанның құрылысы жүргізіліп, қалған екеуінің құжаттары әзірленуде.

Сіздер жақсы білесіздер, өзге аудандарға қарағанда Қазалыда балық өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік зор. Жыл басынан бері аудандағы екі балық өңдеу зауытында өңделген 1100 тонна балық өнімдері Еуропа елдеріне және Ресей Федерациясына экспортталды.

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ

Қазалы ауданы ауылшаруашылығына негізделген аймақ екендігі белгілі. Есепті кезеңде 9,3 млрд. теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді.  Жыл ішінде салаға                        135 млн. теңгенің  инвестициясы салынды.

Биыл барлығы 17 000 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылса, егілген 6700 гектар күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жиналды. Нәтижесінде ел қамбасына 30 мың тоннадан астам астық құйылды.

Осы жылы «Сыр Маржаны» ЖШС Иран кәсіпкерлерімен меморандумға отырып, сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортты күрішін келер жылы 150 гектар жерге ұлғайтып егуді жоспарлап отыр.

Машина-трактор паркі құны 281 млн. теңгенің  28 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарымен толықты.

1. «Сыр маржаны» ЖШС – 2 дана «Мара» жер тегістейтін агрегат, құны-13,1 млн.,

2. «Жалаңтөс батыр» ЖШС күріш ақтайтын агрегат, құны-18,5 млн.

3. «Рза-Агро» ЖШС – 1 дана, өздігінен жүретін, жем-шөп тарататын техника,  құны – 72,9 млн, «Клас» комбайыны – құны 100 млн.

4. Шаруа қожалықтар – 5 дана (2 трактор, Жатка, Ковш ПВУ, Погрущик, құны 16,4 млн. теңге.

5. Жергілікті бюджеттен 18 дана, 6 трактор, 6 тіркеме,  3 дәнсепкіш, 3 соқа, құны 60 млн. теңге.

 

Статистикалық есептерге сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда малдың барлық түрінде өсім бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 103, қой – 108,5, ешкі – 103,7, жылқы – 120,1, түйе – 113,9 пайызға көбейіп отыр.

Қазіргі таңда ауданда 36 115 бас мүйізді ірі қара, 61 869 бас қой, 46 475 бас ешкі, 27 435 бас жылқы, 9 834 бас түйе және 5 804 бас құс бар.

Негізінен, аудан бойынша барлық мал басының 3,1 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 29,1 пайызы шаруа қожалықтардың, 67,6 пайызы жеке жұртшылықтың үлесінде.

«Құлан» бағдарламасы  211,3  пайызға,  Сыбаға» бағдарламасы  61,8 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары құжаттарын тапсырып, қаржыландыруды күтуде.

Бүгінгі күнге дейін 4375,3 тонна ет, 12564 тонна сүт өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 102 пайызға артық.

Ет экспорты бойынша облыс көлемінде бірден-бір өнімді жұмыс істеп тұрған жобаның бірі – Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС-нің 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы. Бүгінгі күнге мұнда 770 бас мал бордақыланып, сатылды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы  шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін 325 млн. теңге бюджеттік несиеге қаржы қаралып, 100 маманға (оның ішінде: білім саласынан 66 маманға, денсаулық саласынан 30 маманға, мәдениет саласынан  2 маманға, әлеуметтік саладан 1 маманға, спорт саласынан 1 маманға)  әлеуметтік қолдау ұсынылып,  игерілді.

Ауылдық округтерде 38 ауыл шаруашылығы кооперативтері  құрылған. Құрылған кооперативтердің ішінде 27-і мал шаруашылығы, 9-ы егін шаруашылығы, 1-і мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өндіру және 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады.

Соңғы екі жылда  кооперативтер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 467 млн. теңге, өңірлік инвестициялық орталықтан 32 млн. теңге қаржы алып, мал бордақылау жұмыстарын жүргізуде.

Биыл аудан орталығынан құрылған «Бахча» кооперативі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен меморандумға отырып, Байқоңыр қаласынан 7 сауда нүктесін ашып, бақша өнімдерін өткізуді ұйымдастырды.

Келер жылдың индикативті жоспарына 9 кооператив құны 117 млн. теңге болатын 9 дана ауылшаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.  

 

 

 

 

 

 

ЖЕР

Қазалы ауданының жалпы жер көлемі 3 млн 760 мың гектарды құрайды. Оның 1 млн. 556 гектары ауыл шаруашылығы жерлері болса, бүгінгі күнге 463 347 гектары, яғни 30 пайызы ғана игерілген.

Ауданның жер көлемі ауылшаруашылығымен айналысуға жеткілікті әрі мүмкіндігі де жоғары.  Бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу нәтижесімен 28 жеке және заңды тұлғадан 19 809 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тұрғын үй құрылысын сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында қазіргі таңда 5 жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде.  Өткен айда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен тұрғын үй салу үшін 200 адамға жер учаскелері берілген болатын.  

Алдағы уақытта қалған 180 және 210 гектар жер учаскелері бойынша тағы 1000-нан астам тұрғынға жер берілмек. Қазір аталған жер учаскелеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. 

Қазалы қаласы бойынша да көлемі 180 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жақында құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар, 81 гектар жер учаскесі бойынша жол салу, электрмен, ауыз сумен, газбен жабдықтау жобасы әзірленуде. Бұл екі учаскеден тағы 1000-ға жуық  жер учаскесі ашылады.

Жалпы, осы жұмыстардың негізінде алдағы уақытта үш мыңға жуық қазалылыққа жер беріледі. Болашақта қала мен кенттің қосылуы нәтижесінде бұл орын үлкен орталыққа айналатын болады.

 

ҚҰРЫЛЫС

Жол жөндеу, жылумен қамту, энергетика, құрылыс, инженерлік-инфрақұрылым, ауыз сумен қамту бағытында да қол жеткізген жетістіктеріміз бар.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция 8,7 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,5 есе болды.

Биыл Қазалы ауданында 4 млрд-тан астам қаржының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әйтеке би кентіндегі №216 мектепке қосымша құрылыстар салу жұмысы, Бірлік, Лахалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен елді мекендеріндегі 5 апаттық жағдайдағы мектептер мен Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жанқожа батыр ауылынан 50 млн. теңгеге спорт кешені салынуда. Келер жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, өткен жылы басталған Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік орталық аудандық аурухана он күннен соң Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілетін болады.

Келер 2018 жылы да бірқатар құрылыстарды бастау жоспарланып отыр. Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен аудан әкімдігінің ғимаратын бастауға 400 млн теңге қаржы мәселесі шешілді.

Бұдан басқа, жаңа тұрғын үй аймақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 300,0 млн.  теңгенің жобасы қолдау тапты.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес Әйтеке би кентінен 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне келер жылы беріледі.

 

КӨГІЛДІР ОТЫН (ГАЗ)

Бүгінгі күні Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 49 пайызы, яғни 3990-ы көгілдір отын игілігін көріп отыр. 

Биыл облыстық бюджеттен 102 млн. теңге бөлініп, 12 әлеуметтік нысан газға қосылды. (4 мектеп, 5 балабақша, 1 мұражай, 1 спорт мектебі, 1 – мәдениет үйі) Алда тағы 147 мекемені (16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 балабақша, 115 кәсіпкерлік нысаны) газ құбырына қосуға облыстық техникалық шарттары алынды. 

Бұл мәселе бойынша аудан халқына жеңілдіктер қарастырылған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен меморандумға отыру нітижесінде тұрғындарға газ желісін қосу қаражатын пайызсыз бөліп төлеуге келісілді. Соның арқасында жыл аяғына дейін көгілдір отын тұтыну көрсеткіші 75 пайызға дейін жоғарылайды деп жоспарлап отырмыз.

 

АУЫЗ СУ

Таза су мәселесіне келетін болсақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласына ішкі су желісін жүргізу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 296 млн теңгеге 14 мың текше метрлік су қоймасы салынды. Қазіргі таңда аудан халқы үздіксіз ауыз сумен қамтылды.

 

 

 

 

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ

Кәріз жүйесін іске қосу мәселесі де қарастырылуда. «Әйтеке би кентінің су бұру жүйесінің құрылысын салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алып, шешу жолдары қарастырылуда. Жобада 18 дана кәріз насос станциясы, 1 дана кәріз тазалау құрылғысы  салыну жоспарланып отыр.        

 

ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ

Жол-көлік инфрақұрылымы саласында жаңа жобалар жүзеге асырылды. Жалпы, аудан меншігінде 402 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның 140 шақырымы асфальтталған, 181 шақырымына қиыршық тас төселген, 81 шақырымы топырақты жолдар.

Өздеріңіз көріп отырғандай, аудандағы жолдардың жайы бүгінгі күні қанағаттанарлық жағдайда емес. Яғни, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 66,4 пайыз ғана.

Дегенмен, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2017 жылы аудандық маңыздағы автомобиль және елді-мекен ішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттен  562 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.

Алдағы уақытта автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жалғастырылады. Бұл жұмыстар қомақты қаржыны талап ететіндіктен, кезең-кезеңімен атқару жоспарлануда.

2018 жылға жалпы құны 5 млрд. 643 млн. теңгеге, ұзындығы 141 шақырым болатын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елдімекен ішілік көшелерді орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға ұсынылды.  

Оның ішінде жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары 2 млрд. 208 млн. теңге (34 шақырым), орташа жөндеу жұмыстары  3 млрд. 435 млн. теңгені (107 шақырым) құрайды.

Түсінікті болу үшін тарқатып айтқаным дұрыс болар:

1) «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 45-76 шақырым аралығын күрделі жөндеу жұмыстарына 2,032  млрд. теңге;

2) «Өркендеу елді мекеніне кіре беріс – Жанкент» автомобиль жолын күрделі жөндеуді аяқтау жұмыстарына 176,0 млн. теңге.

3) «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» 0-30 км аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына  866,4  млн. теңге

4) «Қожабақы-Бекарыстан би» 0-18 км аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына  494 млн. теңге

5) «Басықара-Абай-Өркендеу» 0-20 км аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 708,8 млн. теңге

6) Әйтеке би кентінің 68 шақырым болатын 55 көшесін орташа жөндеуге 1366,0 млн. теңге

 

Сонымен қатар, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 16,8 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Осы автомобиль жолдары бойындағы көпірлерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Көптен бері өңірде шешімін күтіп келген маңызды сұрақтың бірі көпір мәселесі оң шешімін тапқанын жақсы білесіздер.  Өткен айда «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірінің құрылысы басталды. Көпірдің жалпы сметалық құны – 2 млрд. 791,346 млн. теңге. Биыл оның құрылысын бастауға республикалық, облыстық бюджеттерден 550,0 млн теңге бөлінді. Дарияның арғы бетіндегі 15 мың халық келер жылдан бастап төте жол арқылы аудан орталығына қатынайтын болады.

Сондай-ақ, жақында ғана «Бозкөл-Тасарық» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 22 шақырымындағы  темір-бетон көпірінің құрылысы (облыстық бюджеттен 103,3 млн.теңге) аяқталды.

Ал «Қожабақы-Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темірбетон көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсынылып отыр. Бұл  мәселе де көп ұзамай шешілетін болады.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Өздеріңіз көріп отырғандай, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы негізінен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. 1182 жаңа жұмыс орны ашылды. 10 айда жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 2652 адамның 994-і тұрақты жұмысқа орналасты.

Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында биылға қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 400 адам оқытылса, кәсіптік оқуға 211 адам жолдама арқылы оқу орындарына жіберілді.

Ал бағдарламаның екінші бағытындағы «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарланған 222 адам оқу курсынан өтті. Нәтижесімен құны 289,4 млн.теңге құрайтын 59 жоба қаржыландырылып, 75 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 69 млн.теңге несие қаражаттары толығымен игерілетін болады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға негізделген бағдарламаның  үшінші бағытында 703 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылса, оның ішінде 60 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

 

БІЛІМ БЕРУ

Аудан бойынша апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. Биыл Қазалы қаласындағы №95 орта мектептің шатырына күрделі жөндеу, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейге ағымдағы жөндеу жүргізілді. 3 мектеп-лицей, гимназия және оқушылар үйі робототехника кабинетімен жабдықталды.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында барлық 36 мектепке бейнебақылау камералары орнатылды.

11 сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын күшейту мақсатында Арал ауданында орналасқан «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығына 500 оқушы жіберіліп, қосымша оқытылды.

Ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған.

 

ДЕНСАУЛЫҚ

Тұрғындардың денсаулығын жақсарту күн тәртібінен түспейді.

2017 жылдың 10 айында 1381 туылым, 343 өлім тіркелген.

Ана өлімі жоқ. Ауданда сәбилер шетінеуінің көрсеткіштерінде төмендеу тенденциясы бар. Көрсеткіш 9–6,5 болды.

Ал туберкулезбен бірнші рет ауырмашылдық – 38 адам. 100 мың тұрғынға шаққанда 49-9.

Жоғарыда атап өткенімдей, осы айда 150 орындық аурухана пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері шешілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей елінің мамандарымен келісім жасалынды. Қазір жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа аурухана жанынан аудандық емхана салу жоспарлануда.  250 келушіге арналған емхана құрылысын салу жобасының құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 16,7 млн.теңге бөлінді.

 

СПОРТ

Денсаулықтың басты шарты – салауатты өмір салты. 10 айда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылардың саны 23 000 адамға жетіп, яғни 27 пайызды құрады.

Жыл көлемінде 210 спорттық іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасының 5 спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне үміткер және 16 спортшы І-ші разряд нормативі орындалды. Спорт түрлері бойынша жерлестеріміз облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, 22 алтын, 27 күміс, 39 қола медальға қол жеткізді. Бір жерлесіміз Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Жалпы, аудан бойынша 30 жасанды спорт алаңдары бар. Дегенмен, олардың жағдайы бүгінгі талаптарға сай емес. Сондықтан, оларды кезең кезеңімен жаңалауды жоспарлап отырмыз. Келер жылы 10 жасанды спорт алаңын жөндеп, 2 жаңа алаң салатын боламыз. Сонымен қатар, орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз. Қазір 1 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оны келер жылы пайдалануға береміз.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Спортты дамыту – жастар арасында қылмысты азайтудың бірден-бір тиімді құралы болса, мемлекет мойнына жүктелетін міндеттердің бірі - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. 2017 жылдың 10 айында ауданда  қылмыс 9,9 пайызға төмендеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілуде.

 

ЖАСТАР

Жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Сондықтан, жастар мәселесі де тұрақты назарымызда. Қазіргі таңда аудан халқының 26 пайызын жастар құрайды. NEET (ни образования, ни работы, ни обучения) санатына жататын жастардың саны биыл 300 жасқа азайды.  

Барлық елді-мекендерде қоғамдық негіздегі жастар жетекшілері мен әкімшілік саласы бойынша жастар саясатына жауапты мамандар бекітілген.

Мемлекеттік жастар саясатын жандандыру мақсатында биылдан бастап  «Жастар. Қоғам. Болашақ» тақырыбында арнайы жоба қолға алынды. Жоба аясында ерікті жастарды қоғамдық шараларға ынталандыру мақсатында жеке куәліктер әзірленді. Бұл куәліктер арқылы аудан жастары 70 пайызға дейін белгіленген орындарда (фитнес клуб, ішімдік сатылмайтын дәмханалар, «Арман» оқу орталығы, сұлулық салондары) жеңілдіктерге қол жеткізе алады.

Қадірлі қаламгерлер!

Өздеріңіз таныс болғандай, Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруалар қатары аз емес. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жетерлік. Жоспарланған жұмыстар бюджет қаржысы есебінен кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

Олай болса, пікір-сұрақтарыңыз болса тыңдап, тиісті жауабын беруге әзірмін.

                                                       



Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың

            «Арзан» желілік супермаркетінің

                                                                       ашылу рәсімінде сөйлейтін сөзінің жобасы  

 

Құрметті ағайын!

Алдымен баршаңызды бүгінгі мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыст­ырар болсақ, оның ішінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді мемлекеттік  саясат алдыңғы орынға қойып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында да бизнесті қолдау қажеттігін баса айтып, нақты тапсырма беріп келеді.

Жалпы, елімізде жүзеге асырыла бастаған мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде бизнестің қарқынды дамуына кеңінен жол ашуда. Нәтижесінде кәсіп иелері мемлекеттік қолдауды сезініп отыр.

Қазір біз заман талабына сай жабдықталған, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан «Арзан» супермаркет желісінің ашылу сәтінің куәсі болып отырмыз.

Жаңа орталық 24 сағат бойы аудан тұрғындарына азық-түліктің барлық түрімен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар орталықта дәріхана да қызмет көрсетпек.

Ерекше атап өтетін жайт, он жыл бұрын кәсібін бастаған орталық иесі Болат Оңласынұлы осыған дейін Жаңақорған, Шиелі, Арал аудандарында да дәріхана желісін ашқан. Ал бүгін жас кәсіпкер өз ауданымызда осы орталықты пайдалануға беру арқылы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтығалы отыр.

Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ауданымыздың жаңа кәсіпкерлік нысандарымен толығуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз - жаңадан жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары сапалы қызметті тұтыну мүмкіндігіне ие болатындығының нақты көрінісі.

Елдегі кәсіпкерлік саласының кеңінен қанат  жайып,  өркендеуіне жеке кәсіпкерлердің қосар үлесінің зор екендігі белгілі жайт.

Жыл көлемінде ауданымызда жекелеген бизнес өкілдері тарапынан түрлі кәсіпкерлік нысандары ашылып, өз қызметтерін көрсетуде. Күні кеше Ақтан батыр ауылындағы жас кәсіпкер қолға алған қоғамдық моншаны аштық. Мұның барлығы мемлекеттің ерекше қолдауының арқасында жүзеге асырылып отыр.

Қымбатты ағайын!

Бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында кәсіп түрлерін ашу ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл ретте осындай зәулім ғимарат құрылысын жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ісі ерлікпен пара-пар.

Жаңа нысан халық ықыласына бөленетін, ауданның дамуына үлес қосатын орынға айналсын дей отырып, жұмыстарыңызға абырой мен табыс тілеймін.

Мереке құтты болсын!   

      

 




  Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Бабанаевтың


«Қазалы ауданының 2017 жылдың 9 айы бойынша

 әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы

                                                                              атқарылатын негізгі міндеттер туралы»  есебі

                                                                                                                       «03» қараша, 2017 жыл

 

Құрметті депутаттар!

Құрметті әріптестер!

Бүгін ағымдағы жылдың 9 айын қорытындылай келе атқарушы  биліктің осы мерзім ішінде атқарған жұмыстары жайында Өздеріңіздің алдарыңызда есеп беремін.

Бүгін айтылатын мәселелер Сіздерге жақсы таныс. Өйткені бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесінде бірқатар істердің оң шешімін табуға  қол жеткізілді.

Осы орайда, аудан экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назарларыңызды аударғым келеді.

Бюджет. 2017 жылдың 9 айында бюджетке салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 1223188 мың теңгеге жоспарланып, нақты 1266397 мың теңгеге немесе 103,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 281940 мың теңге, облыстық бюджетке 457000 мың теңге, аудандық бюджетке 984000 мың теңге түсті.

Бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы 2017 жылдың 9 айында 9566620 мың теңгеге жоспарланса, нақты игерілгені 9435473,4 мың теңге немесе 98,6  пайыз, оның ішінде трансферттер бойынша 1103980,2 мың теңгеге жоспарланып, нақты 100 пайызға орындалды.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9 айда 8 млрд. 290 млн теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,4 пайыз. Өнеркәсіп саласының 87 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 7 млрд. 2559 млн. теңге болып, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады.

Бүгінде ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласында 4072 субъект тіркелген. Олардың 247-і заңды тұлғалар, 473-і шаруа қожалықтары, 3352-і жеке кәсіпкерлер. Бұл салада 8805 адам жұмыспен қамтылды.

Биылдан бастап күшіне енген бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасы «2020 жылға дейінгі бизнестің жол картасы» жаңа бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер ашуда. Жыл басынан бері бағдарлама аясында жалпы құны 308,0 млн. теңгені құрайтын 11 жоба бойынша несие алынып, субсидиялануда.

6 жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 109,6 млн.теңге кепілдік берілді.

Өз ісін жаңадан бастау үшін аталған бағдарлама аясында 1 кәсіпкерге 500,0 мың теңге қайтарымсыз негізде грант берілді (ЖК А.Дүйсенбава «Түйе жүнінен көрпе жасау» жобасы).   

Ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 га жер учаскесіне инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 159,7 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Аймаққа 9 жобаны орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге жалпы құны 70,0 млн.теңге құрайтын 3 жоба  жұмыс атқарып тұр. 33 жаңа жұмыс орны ашылды.

1.Тазартылған, құйылмалы ауыз су шығару жобасы «Zhankent LTD» ЖШС («Тамшы су» ЖШС қайта тіркелді);

2.  Күріш өнімдерін өңдейтін және ұн сақтау қоймасын кеңейту жобасы. Жеке кәсіпкер Б.Бөлебаев;

3. Құрылысқа қажетті темір-бетон, пеноблок шығаратын шағын  зауытын іске асыру. Жеке кәсіпкер Р.Мамбетжанов

 

Ал, қалған жобалар бойынша іске асыру мерзімдеріне сәйкес толық бақылауға алынып, жобалардың қаржыландыру жолдары зерттелуде.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойының 96 шақырымы Қазалы ауданы аумағынан өтеді. Бүгінгі таңда, аудан бойынша автокөлік дәлізі бойынан 5 жоба бойынша жер учаскесі берілді.

Атап айтқанда, «Сыр маржаны и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 170,0 млн.теңге құрайтын «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылысы. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының  90 пайызы аяқталып тұр. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жеке кәсіпкер А.Байсуганованың (трассаның 1475+500 шақырымынан) «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

«Sinooil» ЖШС-і жанар-жағар май станциясы құрылысын салу жөніндегі жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемесі белгіленіп, құрылыс жұмыстары қыркүйек айының аяғында басталады.

«ДинГул» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Т.Басенов тарапынан (трассаның 1521+392 шақырымынан) «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасына 0,5 гектар жер учаскесі табысталды. Қазіргі таңда, сәулет-жоспарлау тапсырмасы негізінде салынатын нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.

«Глобал Алатау Груп» ЖШС-нің (ТС) «D» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша жер учаскесін  10 000 шаршы метрге дейін ұлғайтуға жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда ескі жанар-жағар май құю бекетінің құрылысын бұзуға рұқсатын алды. Қазіргі таңда, аталған жобаның жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өткізілуде.

 

 Аудан экономикасы негізінен ауылшаруашылығы саласына бағытталғандығы белгілі. Есепті кезеңде ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд. 79 млн. теңге болып, 106,6 пайызды құрады. 

Биылғы жылы ауылшаруашылығы дақылдары 17 355 гектар жерге орналасса, оның 6800 гектарын күріш дақылы құрайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 130 гектарға артық.

дәнді-дақылдар  7230 га (күріш – 6800 га, жаздық бидай – 410 га,  тары – 20 га),

мал азықтық дақылдар – 7405 га, (ескі жоңышқа 4210 га, жаңа жоңышқа 2595 га, сүрлем жүгері 600 га),

майлы дақылдар 470га (күнбағыс – 10 га, мақсары 460 га),

картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 2250 га, (картоп 300 га, көкөніс 900 га, бақша 1050 гектар).

 

Қазіргі таңда, күріш жинау жұмыстары толығымен аяқталды.  Қырманға 30 197 тонна күріш салысы құйылып, орта өнім гектарына 45,0 центнерден айналды (2016 жылы 49,6 ц/га).

Жалпы егіс көлемінің 2250 гектары немесе 13 пайызы бақшалық жер. Биыл аудан бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіруді ұлғайтып, 12-15 мың тонна бақша өнімдерін өндіру жоспарланды. Жыл көлемінде өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілді.

Аудан бойынша 392 мүше бірігіп құрылған 38 ауылшаруашылығы кооперативтеріне жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілді. Олардың 27-і мал шаруашылығымен, 9-ы егін шаруашылығымен, 1-і мал шаруашылығы өнімдерін, 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады. Ауданда өндірілген өнімдерді тиісті орындарға жіберумен айналысатын «Бақша» кооперативі жұмыс істейді.

Бақшалық жерлерді қоршау жұмыстарына қажетті материалдар сатып алуға бюджеттен 18,0 млн теңге бөлінді. Машина-трактор паркі 18 дана техникамен толығып, 60,0 млн теңгеге 6 МТЗ трактор, 6 тіркеме, 3 соқа және 3 дән сепкіш техникалары сатып алынды.

Ауданда есепті кезеңде 1050 гектар жерден 14 207 тонна бау-бақша өнімдері алынып, оның 527 тоннасы экспортқа Ресей Федерациясының Мәскеу, Орск, Челябинск, Магнитогорск қалаларына жіберілді. Бұдан басқа қазалылық бақша өнімдері Ақтөбе, Ақтау, Атырау мен Арал, Байқоңыр, Түркістан, Жезқазған қалалары мен аудандарына да жөнелтілді.

Мал шаруашылығында да оң өзгерістер бар. Есепті кезеңде жалпы төрт түлік мал басы (мүйізді ірі қара 2,9 пайызға, қой мен ешкі 5,0 пайызға, жылқы 20,3 пайызға, түйе 13,6 пайызға) артып және оның өнімдері де (ет 2,2 пайызға, сүт 1,8 пайызға) ұлғайды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 61,8 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 2,1 есеге орындалды.

«Шеңгелді» кооперативі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 160,0 млн. теңге несие алып, жеке сектордан алынған 405 бас малды бордақылауда. Ал, «Қазалы-Агро» кооперативі 65,6 млн. теңге  несиеге мал бордақылау мақсатында жер телімін алып, қоражай салумен айналысуда.

Ауданда ауылшаруашылығы саласында ірі көлемдегі жобалар іске асырылады деп күтілуде. «Жеңіс» шаруа қожалығының «Түйе, жылқы сүтін өндіру және мал бордақылау кешені» жобасы бойынша 1,8 гектар жер учаскесіне кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен кезең-кезеңімен бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша қымыз, шұбат өндіру, мал сою пунктін салу және барлық мал түрлерін бордақылау жұмыстары атқарылатын болады.

«РЗА» АҚ «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асырып, тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өңдеу көзделуде. Бүгінгі таңда «РЗА» мал фермасын сыртқы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен 13,5 млн. теңге қаралды.

Ауданда эпизоотиялық ахуал тұрақты. 2017 жылға 12 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы және 3 түрлі ауру бойынша диагностикалық тексерулер жүргізуге бюджеттен 103,3 млн. теңге бөлініп, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Ал қаңғыбас иесіз иттер мен мысықтарды аулап, жоюға аудандық бюджеттен 5,7 млн. теңге қаралды. 59670 бас ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарланып, жоспар 83,9 пайызға орындалды.

Ауданда 6 типтік жобадағы, 3 демеушілікпен, 1 қалпына келтірілген мал тоғыту ванналары бар. Алдағы уақытта жоба-сметалық құжаттары дайын 6 мал тоғыту ваннасы (Арықбалық, Алға, Сарбұлақ, Ғ.Мұратбаев, Басықара, Қарашеңгел) салынатын болады. Биыл Сарыкөл және Шәкен ауылдық округтерінен типтік жобадағы мал қорымдарын салуға облыстық бюджеттен бөлінген 23 млн. 516,0 теңгеге жұмыстар жүргізілуде.

Қазалы ауданының территориясы 3 759 706 гектар жерді құрайды. Қазіргі таңда жер кезегі бойынша Әйтеке би кентінен 6014, Қазалы қаласынан 609 өтініш тіркелген.

Биыл Әйтеке би кентінен инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерден тұрғын үй құрылысын салу үшін 180 жер учаскесі және кәсіпкерлік мақсатта 32  жер учаскесі табысталды.

Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланбаған 8 жеке және заңды тұлғадан 1932 гектар жер мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Сонымен қатар, жерді заңсыз өз бетінше пайдаланып отырғандығы үшін 1,1 млн. теңге, жерге құқық белгілейтін құжаттарды алмастан өз бетінше жер қазу жұмыстарымен айналысқаны үшін 453,8 мың теңге айыппұл салынды.

Жыл басынан бері 15 рет аукцион өткізіліп, жер учаскесін жеке меншікке немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатудан аудандық  бюджетке 34,2 млн теңге түсті.

Ауданның коммуналдық меншігінде барлығы402 кмаудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Барлық жолдың 65,6 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Осы жылы аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 220,3 млн. тенге бөлініп, бірқатар жобалар іске асырылды:

 - «Өркендеу-Жанкент» кіре беріс автомобиль жолын (5,65 км) күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 184,8 млн. теңге;

- «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолын орташа жөндеуге 35,7 млн. теңге.

 

Қазалы ауданында көктемдегі бөгетті бұзу салдарынан орын алған төтенше жағдайға байланысты аудандық маңызы бар «Басықара-Абай-Өркендеу» және «Басықара-Сарыбұлақ» автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарына облыстың жергілікті атқарушы органының төтенше резервінен 45,1 млн. теңге бөлініп тиісті жұмыстар атқарылды.

Жол жөндеу жұмыстарымен қатар, көпір құрылысын салуда көп уақыттан бері шешімін таппаған жобаларға биыл республикалық және облыстық бюджеттерден 653,3 млн. теңге қаржы қаралды. 

Атап айтқанда:- «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» автомобиль жолының 33 км-дегі «Әлсейіт» учаскесіндегі көпір құрылысын салуға республикалық және облыстық бюджеттен 550,0 млн. теңге;

 - «Бозкөл-Тасарық» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 0-22 км-дегі темір бетон көпірінің құрылысына  облыстық бюджеттен 103,3 млн. теңге.

 

Сонымен қатар, елді мекен ішілік жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 164,4 млн. теңге, аудандық бюджеттен 109 млн. теңге барлығы 273,4 млн. теңге қаржы қаралды.

Оның ішінде:

- Қазалы қаласының көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 107,6 млн. теңге;

- Ү.Түктібаев ауылының көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 56,8 млн. теңге;

- Әйтеке би кентінің шығыс жақ беткейіндегі темір жол өткелі арқылы айналма жолын орташа жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 38,4 млн. теңге;

- Түктібаев ауылындағы Бозкөл, Жаңа көшелерін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 20,6 млн. теңге;

- Жалаңтөс батыр ауылындағы Жалаңтөс, Ыбыраев көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 22,0 млн. теңге;

- "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде Басықара ауылындағы                        Қ. Есенов көшесінің автожолын асфальттауға аудандық бюджеттен 15,0 млн. теңге;

- Бірлік ауылындағы Тәуелсіздік, Рамберді ишан көшесінің батыс беткейін асфальттау жұмыстарына аудандық бюджеттен 10,0 млн. теңге;

- Сарыбұлақ ауылының ішкі көшелеріне тас жол төсеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 10,0 млн. теңге;

- Мұратбаев ауылындағы Қорқыт ата көшесін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 3,0 млн. теңге.

 

Жарықтандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 12,5 млн. теңге аудандық бюджеттен 73,7 млн. теңге, барлығы 86,2 млн. теңге қаржы қаралды.

Оның ішінде: - Ү.Түктібаев ауылының 4 көшесін жарықтандыруға облыстық бюджеттен 12,5 млн. теңге;

- Қазалы қаласының 6 көшесіне жарықшамдарорнатуғааудандық бюджеттен 41,2 млн. теңге;

- Көларық  ауылдық округіндегі Дінісламов, Аманкелді, Жеңістің 40 жылдығы, Б.Мәшенбаев көшелерін жарықтандыруғааудандық бюджеттен 6,5 млн.теңге;

- Бірлік ауылдық округіндегі Тәуелсіздік, Рамберді ишан көшесінің батыс беткейін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен                  3,0 млн. теңге;

- Шәкен ауылдық округіндегі Шәкен көшесін жарықтандыруға аудандық бюджеттен 4,0 млн. теңге;

- Сарыбұлақ ауылының көшелеріне түнгі жарықшамдарын орнатуға аудандық бюджеттен  10,0 млн. теңге;

- Құмжиекауылдық округіндегі Ізтлеуов, Ақжігітов, Ізтілеуов тұйығы көшелерін жарықтандыруға аудандық бюджеттен 9,0 млн. теңге.

 

Өткен жылы ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгені белгілі. Биыл да бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 30,2 млн. теңге, аудандық бюджеттен 317,6 млн. теңге барлығы 347,8 млн. теңге қаралды. Оның ішінде, Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінің өткен жылғы абаттандыру жұмыстарының 5 пайыз қаржысына 12,5 млн. теңге, Қазалы қаласын абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 30,2 млн. теңге,аудандық бюджеттен 105,0 млн. теңге барлығы 135,2 млн теңге, Ү.Түктібаев ауылын абаттандыру жұмыстарына 63,3 млн теңге.

Бұдан бөлек, Басықараның туғанына 260 жыл толуына орай Басықара ауылын абаттандыру мақсатында "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде аудандық бюджеттен 136,8 млн. теңге қаржы бөлінді.

Жалпы биыл бюджет қаржысы есебінен 9 млрд. 845,3 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл көлемінде 6 мектеп, 1 мектептің қосымша құрылысы, 1 аурухана,  1 ауылдық клуб, 1 спорт кешені, 1 әкімшілік ғимарат, сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, Әйтеке би кентінің жаңа тұрғын кварталдарын инфрақұрылыммен қамту, 11 нысанды (4 мектеп, 5 балабақша, 1 спорт кешені, 1 музей) газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Нәтижесінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 3,5 есеге, негізгі капиталға тартылған инвестиция  көлемі  4,8 есеге өсіп, бұл 2 көрсеткіш бойынша аудан алдыңғы қатарда.

- 5 мектеп құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 1933,9 млн. теңге;

- Әйтеке би кентіндегі аудандық аурухана құрылысын аяқтауға 4025,3 млн. теңге (РБ 3620,8 млн. теңге, ОБ 404,5 млн. теңге);

- Әйтеке би кентіндегі Қорқыт ата көшесінен 300 орындық мектеп құрылысын салуға республикалық бюджеттен 308,7 млн. теңге;

- Әйтеке би кентіндегі №216 мектептің спорттық зал, асхана, шеберхана құрылысына облыстық бюджеттен 190,3 млн. теңге;

- Әйтеке би кентінің жаңа тұрғын кварталдарын инфрақұрылыммен қамтуға446,8 млн. теңге (РБ 404,6 млн. теңге, ОБ 42,2 млн. теңге);

-  мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимаратының құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 185,7 млн теңге;

- Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 203,4 млн. теңге.

- Жанқожа батыр елді мекенінен  спорттық кешеннің құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 50,0 млн. теңге;

- 11 нысанның (4 мектеп, 5 балабақша, 1 спорт кешені, 1 музей) бу қазандығын және пайдаланымдағы қазандықтарын газ өнімдеріне қайта жабдықтауға облыстық бюджеттен 94,7 млн. теңге;

- Қазалы қаласында жүгіру жолдары бар футбол алаңы мен 300 орындық трибунақұрылысын салуға 49,5 млн. теңге (ОБ 48,7 млн. теңге, АБ 757 мың теңге);

- Абай, Шәкен елді мекендерінде мал қорымының (биотермиялық шұңқыр) құрылысына облыстық бюджеттен 23,5 млн. теңге.

 

Қазіргі таңда жалпы құны 2 млрд. 334,4 млн. теңге болатын «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аяқталғанда тұрғын үйлерді сервистік желіге қосу мәселесі 100 пайыз шешіледі.

Ал, келешекте пайда болатын жаңа аймақтар үшін қазірден бастап жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, қазір жалпы көлемі 707 гектарда, оның ішінде Әйтеке би кенті бойынша 210, 180, 56 гектар, Қазалы қаласында 180, 81 гектар жер учаскелерінде 5 жаңа тұрғын квартал инфрақұрылыммен қамтылуда.

Әйтеке би кентінде 210 гектар жер учаскесі бойынша электр жарығын жүргізу, жол салу басталды, газбен, сумен қамтуға жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. 180 гектар сумен, электр жарығымен, жол салу нысандарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылысын осы жылы бастауға қаржы бөлу жөнінде облыс әкіміне ұсыныс берілді. Газдандыру құжаттары дайындалуда. 56 гектар электр жарығымен, жолмен қамтылған, газбен, сумен қамтуға құжаттары әзірленуде.

Ал Қазалы қаласында 180 гектар сумен, электр жарығымен, жол салу нысандарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылысын осы жылы бастауға қаржы бөлу жөнінде облыс әкіміне ұсыныс берілді. Газбен қамтуға құжаттары дайындалуда. 81 гектарды электр жарығымен, сумен, газбен, жолмен қамтуға жоба-сметалық құжаттары дайындалып, ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Осы 5 жаңа кварталда 2023 жер учаскесі бойынша тұрғын үйлер орналасатын болады. Жоба-сметалық құжаттарына биылға 97,0 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар ауданның инженерлік-инфрақұрылымының даму деңгейін жоғарылатып, тұрғындар үшін тіршілікке қолайлы жағдайлар жасайды.

Биыл қызметтік тұрғын үй сатып алуға аудандық бюджеттен 17,8 млн. теңге қаржы қаралды. Барлығы 8 тұрғын үй сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 5 учаскелік полиция қызметкеріне (Алға, Аранды, Арықбалық, Бірлік, Көларық), 2 дәрігерге (Алға, Аранды)  1 ауылдық округ әкіміне (Құмжиек) тұрғын үй сатып алынды.

Аудан бойынша көркейту-абаттандыру жұмыстарына эскиздік жобалары дайындалуда. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Әйтеке би кентінің солтүстік беткейінен кәсіпкерлік мақсатындағы көлемі 57 гектар жаңа аумақтың құрылыс салу жобасы әзірленді. Жоба бойынша қонақ, сауда үйлері, дәмхана, ашық базарлар, монша, жанар-жағармай бекеттері, автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары мен қоймалар нысандары орналасады.

Ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Басықара бабаның 260 жылдығына орай баба атындағы ауылды абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен бөлінген 136,8 млн. теңгеге ауылдың Бас қақпасы жаңаланып, ауылға кіреберістегі 618 метр жерге жарықшамдар қойылды. Ауылдың орталығынан «Басықара баба» атындағы аллея ашылып, батыр құрметіне ескерткіш-белгі орнатылды. Орталық алаң, жастар алаңы, балалардың ойын алаңы жасалуда. Ауылдық клубтың айналасы да қоршалып, екі көше  асфальттанды. 

Ал, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың 100 жылдығына орай батыр атындағы ауылды абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 63 млн. теңге, алты көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық, аудандық бюджеттерден 76 млн. теңге қаржы қаралған. Ауыл орталығынан «Тағзым алаңы» мен «Жастар» алаңы жасалып, ауылдық клубтың айналасы қоршалды.

Қазалы қаласының 150 жылдық мерейтойы да кең көлемде аталып өтті. Тарихи қаламыздың 150 жылдық мерейтойына орай қаланың абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 242,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Жастар алаңы салынып, ардагерлер алаңы абаттандырылды. Бүгінгі таңда қаланың 6 көшесіне түнгі  жарықшамдар орнатылды. 5 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілуде, 4 көшеге бордюрлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынуда, 5 көшеге гравий тас төселуде.  Яғни, қалада 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 5 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылды.

Бұдан бөлек, қаладағы спорт мектебінің ғимаратын жөндеп, айналасын абаттандыруға облыстық бюджеттен 49,5 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді.

Қазалы қаласының аумағынан 261 гектар жаңа тұрғын үй аймағын ашу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 42,8 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, мерейтой аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында тұрғындарға жер телімдері табысталатын болады.

Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы негізінен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. 2016 жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызға тұрақтады.

Жыл басынан бері 806 жаңа жұмыс орны ашылды. 9 айда жұмыс іздеуші ретінде тіркелген 2068 адамның 790-ы жұмысқа орналасты.  

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының»  бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді қайта даярлауға республикалық бюджеттен 53,6 млн. теңге қаралып, 288 адам оқытылуда.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды несиелендіруге 281,7 млн. теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 52 адамға несие беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлік негізде оқытуға 221 адам жоспарланып, оқыту курсы 6 топ бойынша жүргізілуде.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша биылға әлеуметтік жұмыс орнына 50 адамға жалақыны субсидиялауға 15,1 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 18 жұмыс берушімен келісім шарт жасалып, барлығы 91 адам әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. 144 адам жастар тәжірибесіне, 397 ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді.

2017 жылы «Өрлеу» жобасы шартты ақшалай көмекке республикалық бюджеттен 8,3 млн. теңге, аудандық бюджеттен 1,8 млн. теңге барлығы 10,1 млн. теңге қаралды. Жыл көлемінде 69 отбасының 442 адамына 10,6  млн. теңге шартты ақшалай көмек тағайындалды.

«Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына сәйкес 25,3 млн. теңгенің гигиеналық құралдары алынып, жеке оңалту парағы толтырылған 291 мүгедекке ай сайын таратылып берілуде.

Ауданда сапалы білім беру басты мәселелердің бірі. Биыл соңғы 5 апаттық жағдайдағы мектептер құрылысы жүргізілді. Бірлік, Лахалы, Майдакөл ауылдарында жаңа білім ордалары мен Шилі елді-мекенінде 50 орындық мектеп 20 орындық балабақшасымен пайдалануға берілді. Шәкен ауылында да мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы 5 квартал аймағынан да 300 орындық мектеп салынуда. Нысан 2018 жылы пайдалануға беріледі. Осымен, апаттық мектептердің проблемасы Қазалы ауданында мерзімінен бұрын толық шешілді.

Бұдан бөлек, 50 жылдық тарихы бар Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 мектептің қосымша құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 190,3 млн. теңге бөлініп, жаңа корпусқа спорт зал, асхана, шеберхана салынды.

Өткен оқу жылындағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу бойынша орташа балл 88,1-ді құрап, нәтижесінде облыс бойынша Қазалы ауданы көш бастады. «Алтын белгі» белгісін 57 оқушы, үздік аттестатты 7 оқушы  иеленді. Тестілеуге қатысқан 458 түлектің 319-ы жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды.

Білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық және аудандық бюджеттерден 133,4 млн. теңге бөлініп, 4 инновациялық мектеп (№16, 249, 266, 226) және оқушылар Үйі "Робототехника" кабинетімен жарақтандырылды. 589 дана парта, 63 дана компьютер, Кәукей ауылындағы №225 мектепке микроавтобус сатып алынды.

Мәдениет саласына да аудан тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде материалдық-техникалық базасын нығайтуға аудандық бюджеттен 22,5 млн. теңге, бөлініп, аудандық мәдениет Орталығына өнерпаздар киімдері,  5 ауылдық клубқа (Ақсуат, Майдакөл, Абай, Тасарық, Лақалы), 1 ауылдық мәдениет Үйіне (Бозкөл) музыкалық аппаратура, 1 ауылдық клубқа (Тасарық) 100  орындық театр креслосы, ауылдық кітапханаларға 30  дана компьютер жиынтығы сатып алынды. 

Жалаңтөс батыр ауылында жаңадан ауылдық клуб пайдалануға берілді.

Саладағы штат 4 бірлікке ұлғайды.

- Қазалы қалалық мәдениет Үйі жанынан құрылған Халық театрына 1,0 штаттық бірлікте режиссер, 1,0 штаттық бірлікте көркемдік жетекші;

-  Қазалы аудандық мәдениет Орталығы жанындағы «Мелодия» орыс ұлт – аспаптар ансамбліне 1 штат бірлікте көркемдік жетекші;

- «Әуезовтер» отбасылық ансамбліне 1 штат бірлікте көркемдік штаты берілді.

 

Алдағы уақытта аудандық мәдениет Орталығы жанынан 3 штатпен қамтылған «Халық шығармашылығы бөлімшесі» ашылады. 

Аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Тәуелсіздік» залына экспозициялық жұмыстарын жүргізуге, көркемдік жұмыстары және ветриналар жасауға аудандық бюджеттен 8,7 млн. теңге бөлінді. Музейдің ашылу жұмыстары қолға алынуда.

Бүгінгі күнге аудан бойынша барлық  тарихи-мәдени ескерткіштер саны  104-ке жетті. Биылға аудан  көлеміндегі 17 тарихи-мәдени ескерткіштердің төлқұжатын дайындауға 650,0  мың теңге және ескерткіштерді қорғау мақсатында 5 тарихи нысанға қорғау тақталарын орнатуға 350,0 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары атқарылды.

Денсаулық сақтау саласында  аудан тұрғындарына 142 дәрігер, 763 орта буын  қызметкері медициналық қызмет көрсетеді.

2017 жылдың 9 айында туылым – 1230. Өлім-жетім деңгейі 9 айда 305 болып, көрсеткіш 1000 тұрғынға шаққанда 3,9.

Амбулаторлық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттарды қажет ететін тұрғындар 100% тегін қамтылды.

Жалпы құны 4 млрд. 285 млн теңгені құрайтын 150 төсекке арналған аудандық аурухана  құрылысы аяқталуға жақын. Осы қараша айында пайдалануға беріледі.

Ауданда 90 дене шынықтыру ұжымдары жұмыс жасайды. Тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 19920 адамға жетіп, бұл көрсеткіш аудан халқының 26 пайызын құрады.

Биылғы жылы ұлттық спортты дамыту мақсатында республикалық, облыстық, аудандық  көкпар жарыстарына қатысуға 10 бас ат сатып алуға аудандық бюджеттен 5,0 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 10 садақ сатып алынды (аудандық бюджеттен 0,6 млн.теңге).

 Жанқожа батыр ауылында спорт кешені құрылысы жүргізілуде. Келер жылы пайдалануға беріледі.

Бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында спорт нұсқаушыларын ұстап тұруға биыл облыстық бюджеттен 11,4 млн. теңге бөлініп, әлеуметтік тапсырыс арқылы «Әйтеке би» спорт клубы жеңімпаз болды. Нәтижесінде мектеп спорт залдарында сабақтан тыс кешкі мезгілде елді-мекен тұрғындары бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы спортпен шұғылдануда.

2017 жылдың 9 айында аудан көлемінде орын алған қылмыстардың саны 10,1 пайызға (481-ден 416-ға) төмендеген. Учаскелік полиция инспекторларымен 75, жол-патрульдік полиция нарядтарымен 58, ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен 5 қылмыстың беті ашылған.

Ал аудан көлемінде 9 айда орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 44,4 пайызға (27-ден 39-ға) өсім алып отыр. Жол қозғалыс ережелерін бұзудың 1032 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 39,3 пайызға төмендеген.

Жалпы жыл басынан бері анықталған құқық бұзушылықтардың 1264 дерегі бойынша салынған 12,2 млн. теңге айыппұлдың, 1124-і бойынша 9,7 млн. теңгесі өндіріліп, айыппұлдардың өндірілуі 75 пайызды құрады.

Қазіргі таңда аудан халқының 26,8 пайызы, яғни 20359-ы жастар. NEET санатына жататын жастардың саны өткен жылы 800 болса, 2017 жылға 733 жасты құрап, 67 жасқа азайған.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайтылып келеді. Үш жыл бұрын 5 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл қаржы 10,4  млн. теңгеге жетті.

Жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызға тұрақтады. Ауданда тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 13,5 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды.  Биыл «Жасыл ел» бағдарламасымен 100 жас уақытша жұмыспен қамтылса, «Жас Құрылысшылар» жасағына тіркелген 35 жас аудан көлеміндегі құрылысы жұмыстарына тартылды.

Құрметті депутаттар!

Сіздер ауданның қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныс болдыңыздар. Жыл аяғына дейін жоспарланған шараларды толық жүзеге асыру міндеті тұр.

Біздің жұмыстың нәтижесі -  халықтың өмір сүру деңгейінің өсуі, жаңа жұмыс орындардың ашылуы, ауылдардың дамыған инфрақұрылымы, жаңа білім ошақтары, жолдар және халқымыздың бірлігін сақтайтын өзге де нақты істер.

Бірлесе отырып, депутаттық корпустың қолдауымен жұмыс істесек, алға қойылған мақсаттарымызға жететіндігімізге сенімдімін.

Тыңдағандарыңызға рахмет!





Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың


1-мамыр күні сөйлейтін сөзінің жобасы

 Құрметті жерлестер!

Баршаңызды 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Жақсылығы жарқын, шуағы мол – бұл мерекенің қазақ үшін қоғамдық-саяси маңызы бар. Өйткені, мейрам Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа ортақ. Сондықтан, бүгінгі мерекені татулығымыз пен бірлігімізді сақтауға айрықша үлес қосатын айтулы күн есептеймін.

Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен тілегі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Өмірдің бұл шындығын осыдан төрт ғасыр бұрын көре білген Төле би бабамыз: «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп айтқан екен. Мұның айқын дәлеліндей, көпұлтты елімізде халықтар достығының мәні артып, мағынасы тереңдей түсуде.

Қазақ жерінде топтасқан халықтар ешқашан бірін-бірі алаламағанын, тіпті қиын замандарда да бірлесіп, бірлік пен достықты сақтағанын тарихтан жақсы білеміз. Мұндай береке  мен ынтымақ әр елде бола бермейді.  Себебі, әлемнің әр тарапында болып жатқан жанжалдарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп, біліп отырсыздар.

Алайда, қазақ елі – игіліктерге толы ел. 130-дан астам ұлттың баласы қазақ шаңырағының астына жиналып, татулық пен достықты ту етуде. Оларға тілі мен діни сеніміне қарамастан салт-дәстүрін сақтауға толық жағдай жасалған.

Біздің мақтаныштарымыздың ең құндысы да - Тәуелсіз Қазақстанның достық пен бірліктің мекеніне айналғаны.  Бүгінде оған бүкіл әлем куә.

Осындай қоғамды қалыптастыруда, ұлтаралық татулықты сақтауда Нұрсұлтан Әбішұлы жетекшілік ететін Қазақстан халықтары Ассамблеясының сіңірген еңбегі ерекше.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» - деп бабаларымыз айтқандай, қазақ елінің әлемдегі экономикалық дағдарыстарға бой алдырмай, оған төтеп беруге бағытталған кешенді әрекеттер жасауы, күн санап халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайының өсуі халықтар достығымен тығыз байланысты.

Біздің ауданымызда да 13-тен аса ұлт өкілдері әлеуметтік, шаруашылық пен өндіріс салаларында татулықпен еңбек етіп, аймақ экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда. Олар өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін дамытумен қатар, үлкен мерекелерге, түрлі іс-шараларға белсене қатысады.

Бүгінгі мерекелік шеруде бір үйдің баласындай болып, қазақтар мен орыстардың, өзбектер мен украиндардың, ұйғырлар мен гректердің, немістер мен тәжіктердің және басқа этнос өкілдерінің бірге келе жатқандығы – нағыз татулықтың белгісі.

Олар үнемі «Тамыр терең, тарихы кенен - Қазалы»  жерінде достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай ынтымақ пен бірлігіміз барша қазалылықтарды табыстарға жеткізуде.

Ардақты ағайын !

 Қазақстанды достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары тәрізді.  

Жақында ғана Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялағаны белгілі. Мақалаға өзек болған идеялар мен Ассамблея функцияларының негізгі мақсаты – рухани құндылық.

Мақалада Елбасымыз «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деген мазмұнда тарихи түйін жасады. Біртұтас қазақстандық ұлттың тарихи жауапкершілігі Ассамблея бағдарламасында да бар.

Ассамблея – жекелеген ұлттардың емес, тұтас Отанның тағдырына алаңдайтын мәртебелі орган. Айналып келгенде, Ассамблеяның өзі – Елбасының тарихи идеясының жемісі.

Елбасы мақаласында ұсынылған «Туған жер» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жоба атажұртын, кіндік қаны тамған жерін сүйетін әр азаматтың көңілін жылылыққа толтырады.

Туған ел туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды алдынан күтетіні – бір тағдыр. Осылайша, елдігіміздің ертеңі "бір халық – бір ел – бір тағдыр” деген ошақтың үш тағанындай ұғымға сыйып тұр. Ал түптеп келгенде бұл жоба жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатыны сөзсіз.

Олай болса, ұлттық игілігімізге айналған азаматтық татулық пен этносаралық өзара келісімді сақтау – баршамызға ортақ  парыз.

Біздің бүгінгі ең үлкен мақсатымыз – бірлік пен татулықтың берік  дәстүрін лайықты жалғастыру. Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен әрбіріміздің қажырлы еңбегіміз бен өзара түсіністігімізге тікелей байланысты.  Сол себептен, бүгінгі мереке - сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын күн. 

Дана халқымыз «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» - деп бекер айтпаса керек. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз, ынтымақсыз ештеңенің де өнбесі анық. Еткен еңбектің де жемісі бекер болмақ.

Ауызбіршілікке алауыздық түскен кезде берекеден де мән кетеді. Тарихтағы кез келген жеңілістердің нәтижесін іздейтін болсақ, бірліктің жойылуынан екендігін айқын көруге болады. Ал бірлігі жарасқан елді жау да, дау да ала алмайды.

Бүгінгідей мерейлі мерекеде әр отбасыға мол бақыт, ашық аспан, бақ-береке тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын, ағайын!



 

 

Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

Наурыз мерекесіне орай

сөйлейтін сөзінің жобасы

 

Құрметті жерлестер!

Қадірлі аудан тұрғындары!

Баршаңызды тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, барша халықтың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі әз-Наурыз -  жақсылықтың жаршысы, жыл басы. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны береді. Яғни, жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Ұлыстың ұлы күні – көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күн. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған». 

Бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне ерекше сезім мен қуат нұры құйылатын Наурыздың - Ұлыстың ұлы күні деп аталынуының да өзіндік тарихы бар. Ел аузындағы аңыз бойынша бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жер дүниені жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы көк аспаннан түскен қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күн - ұлыстың ұлы күні деп аталынып кетеді.

Қадірлі қауым!

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілігі мен келісімінде. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ! Сондықтан біз басты байлығымыз – берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Баршаңыз білесіздер, өткен  жылы Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсары болған қастерлі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын айрықша атап өттік.  

Мерейтой аясында қазір өзіміз тұрған  «Тәуелсіздік» аллеясын ашып, Жалаңтөс баһадүрдің мавзолейін, Бегім ана мен «Асандар көтерілісі» құрбандарына арналған ескерткіштерді орнаттық. Биіктігі 25 метр болатын «Тәуелсіздік» монументін қойдық.

Сонымен қатар, шаралар аясында Шығыс жастарының жалынды жетекшісі «Ғани Мұратбаев» атындағы облыстық жастар сыйлығын табыстау салтанаты өткіздік. Тұңғыш рет ұйымдастырылған сыйлық биыл халықаралық деңгейде жалғасын табатын болады.

Ардақты ағайын!

«Бақ құсы ынтымақты елге қонады, бейбіт елде ғана береке болады» - дейді дана халқымыз. Біз Елбасының бастамасымен Қазақстан халқының ынтымағын сақтап, айнымас ауызбірлігімізді бекемдей түстік.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің ауданымыз үшін де Наурыздың алар орны айрықша.

Ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, ұлттық мерекеге айналған әз Наурызға қазалылықтар да шабытты көңіл-күймен, жарқын еңбек табыстарымен жетті.

Сіз бен біз болып айтулы күнге дайындықты көктем шығысымен-ақ өлкемізді тазарту, сенбіліктер өткізу арқылы бастап кеттік.

Жыл өткен сайын ауданымыз жаңарып, әрлене түсуде. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, әл-ауқаты артуда.

Елбасының алға қойған мiндеттерiн орындауда ауданда индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары дамып келедi. 

Ерекше атап өтетін жайт, биыл құрылыс саласында көптен шешімін таппай келе жатырған мәселелерді қаржыландыруға қол жеткіздік.  Қазіргі таңда бірнеше әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Көп жылдан бір қиындық тудырып келе жатқан «Әлсейіт» көпірінің құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 600,0 млн теңге  бөлінді.

Апаттық жағдайдағы мектептер проблемасы да оң шешімін тауып, Майдакөл, Лахалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарында 5 жаңа білім ошақтарының құрылыс жұмыстары жүруде.

Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қатысуымен іргетасы қаланған аудан орталығындағы 150 төсектік аурухана осы жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, биыл Қазалы қаласының атауына 150 жыл толады. Осыған орай, Қазалы қаласын абаттандырып, біршама жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Дайындық жұмыстары басталып кетті. Көлемі 81 га және 180 га жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммын қамтамасыз ету жобасы іске асырылмақ. Оның ішінде белгіленген учаскелерге жол салу, электрмен, ауыз сумен, газбен жабдықтау жұмыстары қамтылған.

Амандық  болса,  көп ұзамай бұл жұмыстар да басталатын болады.

Бұл – біздің айтулы бірлескен еңбек жеңісіміз. Әрқайсыларыңыз ортақ істің сәтті іске асуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер.

Қадірлі жерлестер!

Ұлттығымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттайтын бүгінгі шараларыңыз барша жұртқа үлгі-өнеге болар іс.

Сіздерді наурыз мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін.

 «Ұлыстың ұлы күні тілек айтып, не сұрасаң да жарасады» - деген сөз бар. Биылғы жылы қорамыз - малға, қырманымыз - дәнге толсын!

Ұлттық жаңа жылымыз игі істер мен жағымды жаңалықтардың бастауы болғай.

Наурыздан наурызға аман-есен жете берейік.

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, ағайын!


   Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

8-наурыз Халықаралық әйелдер күні

мерекесінде сөйлейтін сөзінің жобасы

 

Ардақты аналар! Аяулы апа-қарындастар!

Сіздерді табиғат–Ананың жаңарып, жасаратын кезінде келген мәңгілік көктем мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – өмірде болып жатқан тарихи, саяси, әлеуметтік өзгерістерге ұшырамаған ерекше мереке. Кезінде әйел баласының қоғамдағы мәртебесін арттыру, сайлау құқығын беру сынды мәселелерді қозғаудан өмірге келген бұл күн бүгінде ізгіліктің, мейірбандықтың мейрамына айналды.

Бізде сән-салтанатпен атап өтілетін түрлі мерекелер баршылық. Бірақ солардың ішінде көктемнің шуағымен бірге жететін ең әдемі, жүрекке жылы бұл мерекенің біз үшін орны бөлек.

Өйткені аяулы анасын сыйлайтын, қамқор әпкесін құрметтейтін, тілеулес қарындасын қадірлейтін және өзінің сүйікті жары мен қызын жанындай жақсы көретін адамдардың бәрі дәл осындай сезімде болады деп ойлаймын.

«Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады» - деген даналық сөз бар. Адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Сондықтан ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған.

Расында, бір ғана «әйел» ұғымына дөңгелеген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу – мазмұнды балама болмақ. Ал солардың ең қасиетті де қастерлісі – «АНА» сөзі. Одан асқан ұлылық, одан асқан құдірет жоқ.

«Алып та анадан туады» демекші, ананың алдында адамның бәрі тең дәрежеде. Демек асыл жандардың көңілі шат болуына баршамыз мүдделіміз.

Тағылымды тарихымыз қайраткерлік қасиет қонған аналардан кенде болған емес. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткені белгілі. Олардың бірі – парасат-парқымен талай аңызға арқау болса, енді бірі – елінің тыныштығын қорғап, берекесін еселеді.

Сөзіміздің дәлелі  - алты Алашқа танымал Бегім ана мен Домалақ ана, Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, ел басына күн туған заманда ерлермен иық тірестіріп, жанын пида еткен Тұмар мен Зарина ханшайымдар, кешегі Әлия мен Мәншүктер, Роза мен Мәдиналар.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы перизат пәктіктің, арлы адалдық пен мөлдір махаббаттың мызғымас белгісіне айналған аңыз тұлға Бегім анамызды аудан орталығына әкеліп, еңселі ескерткішін орнаттық. Содан бері сәулеті мен сымбаты жарасқан ескерткішке ат артып, Алладан медет, жандарына нығмет тілеп келген қауымның қарасы үзілген емес.

Алдағы уақытта да бұл тұстан өткен әрбір тұрғын, ел ертеңі жастарымыз немесе ауданымызға табаны тиген меймандардың қай-қайсы да осы орынға жеткенде ана рухына тәубе етіп қана қоймай, туған жерімізге деген құрметі асқақтай береді деген ойдамын.

Осындай қасиетті аналарымыздың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда да жалғасын тауып келеді.

Бүгінде әйел-аналар, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани-мәдени жағдайына үлкен әсер етіп, бұл салалардың дамуына қозғаушы күш болуда.

Қазір қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Олар – геолог, олар – археолог, олар – педагог, олар – дәрігер, олар – құрылысшы, олар – металлург, олар теміржолшы.

Бүгінгі таңда аудан бойынша түрлі саладағы қызметкерлердің саны 12 492 болса, оның 6599-ы, яғни тең жартысын әйел адамдар құрайды. Олардың 307-і мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында, 1500-ден астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері, 4070 мұғалім, 100-ге жуық мәдениет қызметкерлері жемісті еңбек етуде.

Ауданда екі азаматшаның  депутаттыққа сайлануы әйел-қайраткерлердің саяси аренадағы беделі мен мәртебесін айқындайды.   

 Бұл әйелдердің қоғамдағы алатын орны мен рөлінің жоғары екендігін, уақыт өткен сайын салмағы артып келе жатқандығын көрсетеді.

Қадірлі апа-қарындастар! Құрметті замандастар!

Міне, бүгін Әйел – Анаға деген ең ізгі ықылас-сезімдерімізбен осында бас қосып отырмыз. Сіздердің адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушы болып, жалпы алғанда, жаңа заманға сай қызмет атқарып жүргендеріңізді ерекше сезіммен атаймын.

Сіздердің ел дамуы жолындағы қосқан өлшеусіз ерен еңбектеріңізге зор ықыласпен ризашылығымды білдіріп, көктемнің шұғылалы мерекесімен тағы да құттықтаймын.

Осынау мерейлі мереке күні дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!  Қашанда айдай сұлу, күндей жылы ажарларыңыздан нұр кетпей, жылы жүректі аналық атақтарыңыз жоғарлап, асыл армандарыңыз орындалсын.

Мереке құтты болсын!


 

1-наурыз Алғыс айту күнінде

сөйлейтін сөзінің жобасы

 

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірлі жерлестер!

Бүгін Өздеріңізбен өткен жылдан бастап Елбасы Жарлығымен бекітілген «Алғыс айту» күнінде жүздесіп отырмыз. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтап, Сіздерге елімізді өркендету мен дамыту жолындағы жұмыстарға үлес қосқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін!

Бұл мейрамның терең мағынасы мен мәні бар.

1 наурыз көктемнің бірінші күні, қыстан шыққан күн.

1 наурыз сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ізгіліктің мерекесі Наурыз мейрамы атап өтілетін шуақты айдың басы.

Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының туған күні де 1 наурызға тап келеді.

Жалпы, мемлекет ішіндегі ұлтаралық түсіністік пен бірлік елдің дамуына негізгі себеп болса, көрші мемлекет ұлттарының арасындағы татулық, стратегиялық тыныштық саналады.

Егер бұл бұзылса, оның арты түрлі қайшылықтарға, тарихи өкініштерге соқтыратыны тарихтан мәлім. Бір ұлттың екінші ұлтқа жасаған қысастығы мен әрекеттері толық әрі тез ұмытылып кетуі екіталай.

Керісінше, ұлттардың сын сәттерде бір­-біріне жасаған жақсылығы, көмегі сол ұлттардың татулығын тереңдетіп, бірлігін бекіте түсуіне негіз қалайтыны да айқын.

Біздің қазақ еліне қатысты қарастырсақ, Елбасының бұрын да айтқанындай, «өткен тарихымызда алыс-­жақын мемлекеттер алдында, жалпы адамзатқа қиянат жасап, ұялатын тұсы жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың басында реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусиядан 1 миллион 150 мың адам келді. Соғыс кезінде Қазақстан 350 мың эвакуацияланған халықты қабылдады. 50-жылдары тың игеруге тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын».

Осы тұста қазақтар ел иесі ретінде күштеу арқылы қоныстануға мәжбүр болған этностарды кеудеден итермеді. Тосырқамады. Керісінше, өздері түрлі саяси ауыр жазалардың салдарын тартып отырса да, эвакуацияланған этностарға туысындай қамқорлық танытып, қолындағы барымен бөлісіп, бауырына басты.

Берекенің бірлікте екенін жете ұққан қазақ ұлты елдің заңды иесі болса да, күні бүгінге дейін сол этностарға ала көзбен қарап көрген емес. Бәрінің дерлік мәдениеті, тілі, басқа да құндылықтары сақталуына, дамытуына, қазақтармен бірге тең құқықта өмір сүруіне заң шеңберінде мүмкіндік берілген. Диаспораларға деген бұндай жағдай басқа бірде­-бір елде жасалмаған деуге болады.

Тамыры терең, тарихы кенен, қойнауы әсем саз бен шежіре жырға толы қазалылықтардың да қай кезде де ел бірлігі мен ұрпақ саулығы, ұлт амандығы жолында атқарған ерлік істері көпке мәлім.

Талай ұлт пен ұлысты өзге деп бөле-жармай, өзіміздей көріп бауырымызға бастық. Туыстық қарым-қатынас орнаттық. Бүгінде ауданымызда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, грек, беларус, поляк сынды 13 түрлі ұлттардан барлығы 533 өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 

Қадірлі жерлестер!

Аудан жағдайы жақсара түсіп, даму жылдамдығы жеделдесе ол еңбектің ішінде Сіздердің де қосқан қомақты үлестеріңіз бар.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - деген халқымызда аталы сөз бар. Біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Бұл жоспарларға жету үшін сіздердің қолдауларыңыз бен төртеудің түгелдігін танытқан ауызбіршіліктеріңіз өте маңызды. Сондықтан да алға қойған міндеттерге мызғымай бірге баратынымызға мен сенімдімін.

Бақытты болашақ - Сіз бен біздің жұдырықтай жұмылып атқарар жемісті іс-шараларымызды қажет етері сөзсіз. Баршаңызды осы жолда аянбай еңбек етуге шақырамын.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

Мереке құтты болсын! 


 

Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

жаңа жылдық қорытынды жиында

сөйлейтін сөзінің жобасы

 

Құрметті әріптестер!

Баршаңызды төрімізге енгелі тұрған Жаңа 2017 жылмен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді халқымыз. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл еліміз үшін жемісті болды. Қазақстан өзінің құтты қадамын жалғастырды.

Биылғы жылдың ең басты тарихи оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма бес жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғыртатындай қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.

Таяудағы меже – әлемдегі экономикасы қуатты отыз елдің қатарына қосылу. Ал оны сөзсіз іске асырудың бекем жолы – Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» екендігін Елбасы айқындап берді. Бұл тапсырманы қасиетті Қазалы өңірі де абыроймен орындауда.

Қазалылықтар азаттық тойын қазан айында «Тәуелсіздік» аллеясының ашылу шараларында ерекше атап өтті. Мерейтой аясында даңқты қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлының 440 жылдығын тойлап, адалдықтың символы болған Бегім ана мен азаттықты аңсап, езгіге қарсы бас көтерген «Асандар көтерілісі» құрбандарына арнап ескерткіштер қойылды. Кент ішінен бой көтерген «шағын қала» іспеттес Қашақбай Пірімов көшесіндегі аллеядан биіктігі 25 метр болатын «Тәуелсіздік» монументі ашылды.

Осы ретте өңірде бұрын болмаған тың өзгерістер орын алғанын айта кету керек. Мерейтой қарсаңында аудан диқандарының абыройы асқақтап, табысқа кенелді. Ала жаздай атыз жағалаған қазалылық еңбекші қауым күріштің әр гектарынан 49,6 центнерден өніп алып, қамбаға 32816 тонна астық құйды. Бұл – біздің аудан үшін Тәуелсіздік алғалы бері болмаған рекордтық көрсеткіш.

Мемлекет басшысы «кәсіпкерлікті дамытудың ең тиімді тұсы – тауарды экспортқа шығару» деп атап өткен болатын. Сырбойылықтар жыл сайын 50 мың тонна күрішті экспортқа шығарады. Мұның ішінде аудандағы «РЗа-Агро», «Сыр Маржаны» серіктестіктері мен өзге де кәсіпкерліктердің үлесі зор.

Тәуелсіздікпен бірге түлеп, өсіп-өркендеп келе жатқан қазыналы Қазалы – кәсіпкерлік кең қанат жайған аудан. Өңірде жыл өткен сайын жеке кәсіпкерлер саны артып, халық қазынасы салық түсімі де еселенген. Мемлекеттің қолдауынан қалыс қалмай, жанына жақын кәсіптің көзін тауып, несібесін арттырған жандар жетерлік. Тіркелген 4206 шағын кәсіпкерлік субъектісінде 8807 адам жұмыспен қамтылған.

Қазалының брендтері – «РЗА-ның» сүтіне риза болғандар, «Сыр маржанының» күріші мен етінің дәмін татқандар, Қазалының тәтті кәмпитін құмарлана жеп, А.Ерхатов пен Т.Игіліковтің балық өңдеу цехынан өндірілген тіл үйірер теңіз маржанының сүбесіне сүйсінгендер Қазалыны қайта-қайта айта жүреді.

Жол жөндеу, жылу, ауыз сумен қамту, абаттандыру бағытында да қол жеткізген жетістіктеріміз бар. Бұл оң өзгерістерді ел экономикасы әлеуетінің артуымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдық жемісімен байланыстыруға болады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан меншігіндегі 402 шақырым аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 31 пайыздан 68,1 пайызға жеткендігі қуанарлық жағдай.

Ауданда жол ахуалымен бірге көпірлер құрылысы да назардан тыс қалған емес. Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Жалпақ, өзге де елді мекендердегі тұрғындар мен Арал ауданынының бірсыпыра ауылдарының негізгі көлік қатынасы «Әлсейіт» арқылы өтеді. Тұрғындардың пайдалануға мәжбүр болып келген  пантон көпірлер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жаңа көпір құрылысын жүргізу үшін келер 2017 жылға бюджеттен 600,0 млн теңге бөлініп отыр.

Мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда соңғы бірнеше жылдар бойы ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде, аудандағы 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Биыл 2 млрд. 415 млн. теңге болатын ірі «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасын іске асыру басталды.

Соңғы жылдары ауданның денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуды бастан кешіріп, алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін мекемелер шоғырланған өлкеге айналды. Медицина ошақтары уақыт талабына сай замануи емдеу технологияларымен жабдықталуда.

Әйтеке би кентінен 150 төсекке арналған аудандық орталық аурухана құрылысының басталуы Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы ең елеулі оқиға.  Аурухананың құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ауданда балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Жыл сайын апатты мектептер жойылып, жаңа, заманауи үлгідегі білім ұялары бой көтеруде. Биыл Майдакөл, Лахалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарында 5 жаңа білім ошақтарының құрылыс жұмыстары басталды.

Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралағындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайызға орындалды.

Облыс бойынша 22 инновациялық мектептер қатарына ауданымыздағы №266, 249, 16 мектеп-лицейлер мен №226 гимназия кіріп отыр. Бұл мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқыту жұмыстары жолға қойылған.

Бұл – біздің айтулы бірлескен еңбек жеңісіміз. Әрқайсыларыңыз ортақ істің сәтті іске асуына өз үлестеріңізді қостыңыздар.

Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Олар да міндетті түрде орындалады және жаңа 2017 жыл да жарқын келешекке бастайтынына нық сенімдімін.

Ең бастысы, алдымызға жүйелі жұмыс пен нәтижелі еңбек ету міндетін қойдық. Өйткені, алдымызда дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол үшін жұдырықтай жұмылып, ауызбірлікте еңбек етуіміз қажет. Біріксек бітпейтін, ұйымдассақ ұтпайтын тірлік жоқ. Бұдан да ауыр, бұдан да жауапты кезеңдерде мойымай, бар қиындықты абыроймен еңсерген елміз. Бастысы татулықта.

Қадірлі жерлестер!

Жаңа жылды қашанда алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолымызға есеп беретін, келешек бағыт-бағдарымыз бен мақсат-міндеттерімізді белгілейтін, Үміт, Сенім мерекесі ретінде күтетініміз анық.

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2016 жыл тарту еткен барлық жақсылық атаулы жарасымды жалғасын тапсын. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан күтер үмiтiмiз де, тiлер тiлегiмiз де жетерлiк.

Табалдырығымызды аттағалы тұрған Тауық жылы әрбір шаңыраққа тыныштық, игіліктер мен жақсылықтар әкелсін.

Елiмiзде тыныштық пен ынтымақ салтанат құрып, Тәуелсiздiгiмiз мәңгi болғай!

Жаңа жылдың атқан әр таңы сәтті болып, Сіздерге зор денсаулық пен бақыт сыйласын!

Жаңа жыл құтты болсын!

Кіру