ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Билік
Құқық
Экономика
Басты бет Аудан Аудан басшылары

Аудан басшылары

ЖАРЫЛҚАСЫН ШӘРІПОВ

Шәріпов Жарылқасын Шәріпұлы 1941 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Бозкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1958 жылы Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті, 1963 жылы Ташкент қаласындағы ауылшаруашылығын ирригациялау және механикаландыру институтын бітірген, мамандығы инженер-механик. 2002 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық университетін бітіріп, заңгер мамандығын алған.

1963-1968 жылдар аралығында Бозкөл кеңшарында машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, Энгельс атындағы кеңшардың және Қазалы аудандық ауылшаруашылғы басқармасының бас инженері, 1968-75 жылдарда Энгельс атындағы совхоздың директоры, 1975-1988 жылдары Қазалы аудандық ауылшаруашылыға басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

1988-1991 жылдарда облыстық Агроөнеркәсіптік бірлестігі бастығының орынбасары, облыстық «Агроөнеркәсіптіктехника» бірлестігінің бастығы.

1991-1994 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық Кеңес төрағасы, аудан әкімі қызметтерін атқарды.

1994-96 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, 1996-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүліктер жөніндегі орталықтың директоры. 2003 жылдан бері облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері және басқа да медальдармен марапатталған.


САМҰРАТ ЖҰМАНҰЛЫ ИМАНДОСОВ

Самұрат Жұманұлы Имандосов 1948 жылдың 20 маусымында Қазалы ауданы Майлыбас ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. 1967 жылы Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумды, 1977 жылы Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген, мамандығы инженер-гидротехник.

Еңбек жолын 1969 жылы Қазалы суландыру жүйесі басқармасында инженер-экономист болып бастап, осы мекемеде 1972 жылға дейін инженер-гидротехник, құрылыс жөндеу бөлімінің бастығы қызметінде болған. 1972 жылы №64 жылжымалы мехколоннаға қызметке ауысып, 1980 жылға дейін аға прораб, бас инженер, ұжым бастығы қызметін атқарды. 1980 жылдан №86 жылжымалы мехколоннаның бастығы, одан кейін «Казалинскводстрой» тресінің басқарушысы, «Жер-Су» акционерлік қоғамының президенті болып 1994 жылға дейін қызмет істеді. 1994-95 жылдары Қазалы ауданының әкімі болып қызмет атқарды.

1996 жылдан «Жер-Су» акционерлік қоғамының вице-президенті, президенті, 2000 жылдан осы күнге дейін «Рза» акционерлік қоғамының президенті.

Самұрат Жұманұлының ұзақ жылғы жемісті қызметі лайықты бағаланып, 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңеске, Қазақстан Республикасының ХІІ шақырылған Жоғары Кеңесіне депутат, 1999 жылы Облыстық мәслихаттың ІІ шақырылымының, 2003 жылы Облыстық Мәслихаттың ІІІ шақырылымының депутаты болып сайланды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының «Астана» медалімен, 2001 жылы «Құрмет» орденімен, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Парасат» орденімен, 2008 жылы халықаралық «Звезда Содружества» орденімен марапатталды.


 НӘЖМАДИН ТҮРІКБЕНҰЛЫ МҰСАБАЕВ

Мұсабаев Нәжмәдин Түрікбенұлы 1950 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Майлыбас ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1971 жылы Шымкент химия-технологиялық, 1992 жылы Алматы политология және басқару институттарын бітірген, мамандығы инженер құрылысшы-технолог, жоғары оқу орындарында саяси пәнінің мұғалімі.

            Нәжмәдин Мұсабаев еңбек жолын 1971 жылы Қазақ химия-технология институтында кіші, одан соң аға ғылыми қызметкер болудан бастаған.

            1973-1991 жылдары Қазалы ауданында №64 жылжымалы механикаландырылған колоннада аға инженер, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру, ауылшаруашылығы бөлімдерінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

            1991-1995 жылдары Халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары, 1995-1997 жылдары Қазалы ауданының әкімі, 1997-2000 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2000-2004 жылдары Жаңақорған ауданының әкімі болды. 2004 жылдың мамыр айынан Арал ауданының әкімі. 2006 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» Орденімен марапатталған.

 


   БОЛАТБЕК ЖҮСІПБЕКҰЛЫ ПҰСЫРМАНОВ

           Пұсырманов Болатбек Жүсіпбекұлы 1952 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. 1974 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақтың политехникалық институтын инженер-құрылысшы және 1994 жылы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын экономист-ұйымдастырушы мамандықтары бойынша бітірген.

            Еңбек жолын 1974 жылы «Қызылордасельстрой-16» тресінің Қазалы ауданындағы №1604 жылжымалы – механикаландырылған колоннасының құрылыс шебері, өндіріс ұйымдастырушысы болудан бастаған.

            1976-1978 жылдары Халық депутаттары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің құрылыс және архитектура бөлімінің меңгерушісі, 1978-1985 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1985-1989 жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры, 1989-1992 жылдары Халық депутаттары Арал аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 1997-2003 жылдары Қазалы ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2004 жылдан Қызылорда облыстық жылжымайтын мүліктер жөніндегі орталығының директоры қызметін атқарып келеді. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

 

 


 

ТЕМІРХАН БЕРДӘЛІҰЛЫ КЕНЖЕБАЕВ

     Кенжебаев Темірхан Бердәліұлы 1956 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Жосалы стансасында туған, білімі жоғары. Жамбыл гидромелиоративтік ─ құрылыс институтының Қызылорда филиалын, Ленинград саясаттану институтын бітірген, мамандығы инженер-құрылысшы, саясатшы-оқытушы.

       Б.Кенжебаев еңбек жолын 1974 жылы Сырдария аудандық мамандандырылған жылжымалы мехколоннаның темір ұстасы болып бастаған. Ол 1984-1985 жылдары «Қызылорда құрылыс» тресінің шебері, 1985-1987 жылдары силикатты қабырғалар материалдары зауытының инженер-құрастырушысы, бас инженері, 1987-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы Қызылорда қалалық комитетінің өндірістік-көлік бөлімінің ұйымдастырушы – нұсқаушысы, 1989-1990 жылдары Вильнюс жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1990-1991 жылдары Ленинград саясаттану институтының студенті, 1991-1998 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Қызылорда облыстық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі, «Темірхан» фирмасының президенті, 1998-1999 жылдары Қызылорда облыстық мемлекеттік пошта байланысы кәсіпорнының бастығы, 1999-2000 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2000-2003 жылдары «Виктория» бірлескен кәсіпорны директорының кеңесшісі, 2003-2004 жылдары Қазалы ауданының әкімі болып қызмет атқарды.

 



НАЖМАДИН ШАКИЗАДАҰЛЫ ШАМҰРАТОВ

    Шамұратов Нажмадин Шакизадаұлы 1963 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 1986 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын инженер-гидротехник, 1992 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

            Нажмадин Шакизадаұлы еңбек жолын 1980 жылы Қазалы ауданындағы №64 жылжымалы мехколоннада эксковатор көмекшісі болып бастаған. 1986-1989 жылдары №64 жылжымалы мехколоннада бригадир, шебер, 1989-1991 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1992-1993 жылдары аудан әкімшілігінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, 1993-1997 жылдары Қазалы құрылыс-жөндеу учаскесінің бастығы, 1997-2000 жылдары «Нұр» өндірістік кооперативінің төрағасы, 2000-2002 жылдары «Қазалы-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2002-2004 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, 2004-2005 жылдары Қазалы ауданының әкімі, 2005 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры қызметін атқарған.

       2013 жылдың шілде айынан бастап Қармақшы ауданының әкімі.




НҰРМАН БАҚБЕРГЕНҰЛЫ ТАЛҚАНБАЕВ

Нұрман Талқанбаев 1960 жылы Қазалы ауданының Бозкөл ауылдық кеңесінде туған. Қарағанды кооперативтік институтын, Оңтүстік Қазақстан ашық университетін бітірген. Мамандығы экономист, заңгер. Еңбек жолын 1977 жылы Қазалы аудандық тұтынушылар одағының жұмысшысы болып бастаған. 1983-95 жылдары Энгельс атындағы шаруашылық есептегі сауда кәсіпорнының аға есепшісі, Бозкөл кеңшары жұмысшылар кооперациясының аға есепшісі, төрағасы, аудандық кооперативтік дайындау мекемесінің директоры болды. 1995-2002 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, 2002-2004 жылдары облыстық сауда және мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, 2004-2007 жылдары Жалағаш және Қазалы ауданының әкімі болып қызмет атқарды.




 

 АЙТБАЙ КӨШЕРБАЙҰЛЫ КӨШЕРБАЙ

Көшербай Айтбай Көшербайұлы 1953 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1975 жылы «Қызылордаводстрой» тресінің №33 жылжымалы – механикалық колоннасында шебер болып бастаған. 1976-1979 жылдары №30 Қармақшы жылжымалы- механикалық колоннасының өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 1979-1981 жылдары №30 Қармақшы жылжымалы – механикалық колоннасының бас инженері, 1981-1983 жылдары «Қызылордаводсторой» тресі басқарушысының орынбасары, 1983-1987 жылдары «Қызылордаводстрой» тресінің бас инженері, 1987-1988 жылдары «Қызылордамелорация» бірлестігінің құрылыс кәсіпорындары дирекциясының директоры, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің аграрлық бөлімінің нұсқаушысы, 1990-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Тереңөзек аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1991-1992 жылдары Халық депутаттары Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының С.Сейфуллин атындағы кеңшарының директоры, 1996-1999 жылдары Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, 1999-2001 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданының әкімі, 2001-2003 жылдары Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің жобалар басқармасы орталығының кеңесшісі, 2004-2005 жылдары Солтүстік Арал теңізіндегі бөгет құрылысындағы «Мотт-Макдональд-Темелсу» біріккен кәсіпорнының бас инженері, 2005 жылдың мамыр-қараша айларында Қызылорда қаласының әкімі, 2005 жылғы қараша мен 2007 жылдың ақпан айы аралығында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2007-2011 жылдары Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің 2005 жылғы 25 қарашадағы шешімімен «Техника ғылымының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілген. 2001 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен және 2007 жылы Тәуелсіздік күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.


       ИМАНДОСОВ МҰРАТ САМҰРАТҰЛЫ

М.Имандосов – 1972 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университиетін қаржы және несие, экономист, және Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы Қазалы ауданы Салық комитетінің кіріс салықтар бөлімінің салық инспекторы болып бастаған. 1998-1999 жылдары Қазалы ауданының салық инспекциясының сектор меңгерушісі, 1999-2000 жылдары Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің бөлім бастығы, 2000-2003 жылдары Қазалы ауданы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2003-2005 жылдары Шиелі ауданының Салық комитетінің төрағасы, 2005-2006 жылдары Қызылорда облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша Монополияға қарсы басқармасының бастығы, 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) Жамбыл, Қызылорда және ОҚО облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы бастығы, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы, 2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) Жамбыл, Қызылорда және ОҚО облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылдың қазан айынан бастап                       Қазалы ауданының әкімі қызметін 2013 жылдың ақпанына дейін атқарған.

2013 жылдың ақпанынан бастап Қармақшы ауданының әкімі.

2013 жылдың шілдесінен бастап облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.


Жаханов Бахыт Дүйсенұлы

Жаханов Бахыт Дүйсенұлы 1974 жылы 11 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1992-1996 жылы Ы.Жахаев атындағы Қызылорда политехникалық институтында білім алып, «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген.

1997-2001 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің экономикалық бағдарлау, нарықтық қатынастар және мониторинг бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, агроөнеркәсіп дамыту бағытын талдау, реформа, стратегия және инвестиция бөлімінің жетекші маманы және бөлім басшысы, стратегия, мониторинг және реформалар бөлімінің жетекші маманы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маркетингтік зерттеу және өнімді тиімді сату жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы;

2002 жылдың сәуір айынан қазан айы аралығында Қызылорда облыстық білім беру басқармасының ақпараттық талдау жұмыстары және бақылау бөлімінің басшысы;

2002-2004 жылдар аралығында Қызылорда облыстық экономика басқармасының салааралық саясат бөлімінің басшысы, ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің басшысы, аграрлық және экологиялық саясатты үйлестіру бөлімінің басшысы;

2004-2005 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы;

2005-2008 жылдар аралығында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті директорының орынбасары және 2008-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы;

2011 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, ал қазан айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2011-2013 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2013 жылдың ақпан айынан бастап Қазалы ауданының әкімі лауазымында болып, Қызылорда облысы әкімінің 2015 жылғы 24 маусымындағы өкімімен Қазалы ауданының әкімі қызметінен босатылып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы етіп тағайындалды.


Кіру